17 жел, 2016 сағат 07:30

Ережесіз жекпе-жек шебері Қуат Хамитовтың Тәуелсіздікке тартуы (видео)

Ережесіз жекпе-жектен “Найман” лақап атымен танымал қазақстандық Қуат Хамитов кезекті жеңісіне қол жеткізіп, Тәуелсіздік күніне тарту жасады. Ол өз жеңісін Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерекесіне арнайтынын айтты. 

Боксшы жеңісінен кейін: «Бүгін менің елімде қасиетті мереке. Бүгін Қазақстанның өз Тәуелсіздігіне қол жеткізгеніне 25 жыл толып отыр. Сонымен қатар, мен де бүгін өзімнің 25-ші жекпе-жегімді өткіздім. Мен осы жеңісімді еліме, Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнаймын», – деді.

Қуат тебіреніске толы сөздерін рухты әнмен жалғады. Ол шаршы алаң төрінде тұрып «Елім менің» әнін шырқап берді. Артынша тізерлей отырып қазақтың көк байрағын сүйіп, көрермендер жүрегін елжіретті. 

Айта кетсек, жерлесіміз Қуат Хамитов Мәскеуде өткен "Fight Nights Global 57" турнирі аясында ресейлік Гаджи Рабадановпен жекпе-жек өткізіп, үшінші раундта буындыру әдісімен жеңді.