17 мау, 2019 сағат 11:55

Ердоған: Түркияға ресейлік C-400 жүйесі шілдеде жеткізіледі

Түркия Президенті Режеп Ердоған ресейлік C-400 зымыран жүйесі Түркияға шілденің басында жеткізілетінін мәлімдеді. Бұл туралы Түркия ақпарат құралдары хабарлады.

Құны шамамен 2,5 миллиард доллар болатын ресейлік C-400 әскери зымыран кешенін сатып алу туралы келісімге Мәскеу мен Анкара 2017 жылы қол қойған. Түркияға ресейлік әскери зымыран кешендері 2020 жылы жеткізіледі деп жоспарланған. Бірақ екі тарап алғашқы кешенді 2019 жылдың шілде айында жеткізу туралы келіскен.

Бұл келісім Түркия мен АҚШ арасындағы қарым-қатынасқа салқынын тигізді. Вашингтон НАТО пайдаланып келе жатқан F-35 әскери ұшағы жайлы құпия дерек Кремльдің қолына түсуі мүмкін деп қауіптенеді. АҚШ сонымен бірге C-400 кешені НАТО-ның зымыранға қарсы қорғаныс жүйесімен сәйкес келмейтінін де алға тартады. АҚШ сенаты егер Түркия C-400 кешенін орналастырса, оған қарсы санкция салатынын ескерткен.

Бұған дейін АҚШ қорғаныс министрі міндетін орындаушы Патрик Шэнахэн егер Анкара ресейлік С-400 жүйесін сатып алудан бас тартпаса, F-35 әскери ұшақтарын жеткізу бағдарламасынан Түркияның шығып қалатынын айтқан.

Азаттық