24 ақп, 2020 сағат 15:55

ЕО коронавирусқа қарсы күреске 232 млн еуро бөледі

Еуропалық одақ COVID-19 коронавирусының өршуіне қарсы күреске 232 млн еуро бөледі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Еурокомиссияның хабарламасына сілтеме жасап.

«Вирусты жұқтырғандар санының артуына байланысты қоғамдық денсаулық сақтау бірінші кезектегі басымдыққа ие болады. Еуропадағы, Қытайдағы немесе басқа елдердегі дайындықты артыруда халықаралық қауымдастық бірге жұмыс істеуі керек», - деп келтірілген хабарламада Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйеннің сөзі.

«Біздің жаңа көмек пакетіміз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына қолдау көрсетеді және денсаулық сақтау жүйесі әлсіз елдер назардан тыс қалмауы үшін мақсатты қаржыландыруды қамтамасыз етеді. Мақсатымыз – бұл ауруға жаһандық деңгейде тойтарыс беру», - деді антикризистік басқару жөніндегі еурокомиссар Янез Ленарчич.

Бөлінген қаражаттың 114 млн еуросы – ДДҰ шараларын қолдауға, 15 млн еуросы – Африкадағы серіктес елдерге, 90 млн еуросы – фармацевтік компанияларға және 10 млн еуро эпидемиология, диагностика және терапия салаларындағы зерттеуге, сондай-ақ аурудың таралуын тоқтатуға бөлінеді.

Тағы 3 млн еуро Қытайдың Ухань қаласынан Еуропалық одақ мемлекеттерінің азаматтарын қайтаруға бағытталады. Еурокомиссия ЕО елдерінің репатриацияға арналған көлік шығындарының 75% жабады.