30 мау, 2020 сағат 15:46

Энергетика саласында инвестиция жеткіліксіз болып тұр - сарапшы

Энергетика саласындағы тәуелсіз сарапшы Әнуар Қошқарбаев энергия өндіруші ұйымдардың шекті тарифтеріне қатысты түзетулер салаға инвестиция салуға мүмкіндік беретінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тарифтер қабылданды және осындай шешімнің мақсаты түсінікті болып отыр. Бұл қадамдар станцияларды қолдау үшін жасалуда. Қазіргі кезде станциялар үшін инвестициялар жеткіліксіз. 2016 жылдан 2018 жыл аралығында тариф тұрақты деңгейде болды. Ал станциялар шығындары, соның ішінде отын бағасы мен жөндеуге жұмсалатын өзге де шығындар өскені белгілі. Сондықтан қазіргі қабылданған шаралар жоғалтып алған деңгейді қалпына келтіруге бағытталмақ», - деді Ә. Қошқарбаев.

Оның сөзіне қарағанда, 2015 жылы барлық станциялардың таза кірісі 107 млрд теңгені, 2019 жылы оның сомасы 60 млрд теңге шамасында болды. 2020 жылы бұл көрсеткіш 80 млрд теңге көлемінде қалыптасады деп күтілуде. 

«Энергетика саласы бұрынғы деңгейді қалпына келтіруге тырысуда. Жақында тиісті қадам жасалды, яғни шекті тарифтер бойынша тиісті бұйрық бекітілді. Осы шаралар іске асырылмаса, онда 2008 жылдағы жағдайға тап боламыз. Яғни сол кезеңде қуат деңгейі жетіспеген еді. Егер биыл қажетті шешім жасалмаса, алдағы 3-4 жылда қиын жағдай болуы ықтимал. Сондықтан бұл қадамдарды біртіндеп жасаған дұрыс. Осы орайда станциялар дәстүрлі шығындарын жапқаннан бөлек, жаңа қуаттарды іске қосуға қауқарлы болуы тиіс. Министрлік тарапынан дәл осы мақсаттарға қабылданған шаралар жағдайды жақсартуға көмектеседі. Барлық есептеулерді ескере келе, энергия өндіруші ұйымдардың шекті тарифтеріне қатысты түзетуді қолдаймын», - деді сарапшы.