16 қаз, 2018 сағат 11:17

Энергетика министрлігі жанар-жағармай жайлы: Бәрі тұрақты

Энергетика вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов бүгінгі Үкімет отырысында жанар-жағармай бойынша елдегі ахуал туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«10 қазандағы жағдай бойынша жанар-жағармай қалдықтары ішкі нарықтың қажеттілігін жабуға жетіп жатыр. Нақтырақ айтқанда, АИ-92 бензинінің қоры - 327 мың тоннаны, дизельдік отын 200,6 мың тоннаны құрайды. Бұл, 17 күнге жетеді», - деді вице-министр.

Ол сонымен қатар, еліміздің ірі кен орындары қанша мұнай өндіргенін айтып берді.

«Жыл басынан бері мұнай конденсаттарының көлемі 67,3 млн тоннаны құрады. Демек, 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,3 пайыздық өсімді көрсетіп отыр. Үш ірі жоба бойынша мұнай өндірісінің көлемі 40,2 млн тоннаға жетті. Атап айтқанда, Қашаған кен орнында - 9,5 млн, Теңізде - 21,5 тонна, Қарашығанақта 9,2 млн тонна мұнай өндірілді», -  деді Махамбет Досмұхамбетов.

Вице-министрдің айтуынша, мұнай экспорты да артқан.

«Мұнай экспорты 54,2 млн тоннаны көрсетті. Яғни, бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 4,6 пайызға көп. Өңделген мұнайдың мөлшері 12,6 млн тонналық көрсеткішке ие», - дейді ол.

Махамбет Досмұхамбетов атап өткендей, мұнай өнімдері нарығындағы жалпы жағдай - тұрақты, жанар-жағармайдың жетіспеушілігі сезілмейді.

«10 қазандағы жағдай бойынша АИ-92 маркалы бензиннің бөлшекті бағасы литріне 155,22 теңгені, ал дизельдік отынның бағасы 191,81 теңгені көрсетті», - деп түйді ол.