07 ақп, 2018 сағат 12:58

Бозымбаев халыққа көмір жеткізу жұмыстарындағы кемшіліктерді айтты

Бүгін ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Павлодар облысына жұмыс сапарымен барып, нарықты көмірмен қамтамасыз етуге қатысты жиындар өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Сапар барысында министрліктің, Павлодар облысы әкімдігінің өкілдері Екібастұз көмір алабын аралап өтті (көмір разрездері: «Майкубен-Вест» ЖШС, «Богатырь көмір» ЖШС және «Восточный»).

Көмір разрездерін аралағаннан кейін Екібастұз қаласының әкімдігінде көмір өндіру көлемі және еліміздің көмір өндіретін кәсіпорындарын дамыту мәселелері бойынша жиналыс өткізілді. Жиналысқа Министрліктің, Әкімдіктің, «Қазақстан Темір Жолы» ҰК АҚ өкілдері, «Майкубен Вест» ЖШС, «Богатырь көмір» ЖШС, «ЕЭК» АҚ, «Шұбаркөл көмір» АҚ және «Қаражыра» АҚ көмір разрездерінің басшылары қатысты.

Жиналыс барысында ведомство басшысы Қ. Бозымбаев коммуналдық-тұрмыстық қажеттілікке және халыққа көмір жеткізу жұмыстарына тиісті бақылау жүргізілмегендіктен аномальді қатты аяз кезінде бірқатар өңірлердің дайындықтарының жеткіліксіздігін көрсеткенін айтты.

«Халықты көмірмен қамтамасыз ету мәселелері жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жатады. Көмір өндіретін кәсіпорындар «Қазақстан Темір Жолы» ҰК АҚ бірлескен түрде коммуналдық-тұрмыстық сектордың және халықтың қажеттілігін толық және уақтылы қамтамасыз етулері қажет», - деп атап өтті Қ. Бозымбаев.

ҚР Энергетика министрлігі коммуналдық-тұрмыстық қажеттілікке көмір жеткізуді арттыру және көмір саласын бұдан әрі дамыту үшін бірқатар шаралар қолданып жатыр.

Ведомство Үкіметке өңірлерге көмір жеткізу кезіндегі кідірістер мәселесін түпкілікті бір жолға қоятын бірқатар ұсыныстарды енгізуді жоспарлап отыр. Разрездерден көмірді жөнелту сызбасы қайта қарастырылады. Көмірді халықтың коммуналдық-тұрмыстық қажеттілігіне жеткізу басты орында тұратындығы, содан соң отынның жылу электр станцияларына жөнелтілетіндігі, ал ең соңында экспортқа шығарылатындығы жөнінде айтылып өтті.

Қазіргі таңда көліктік инфрақұрылымға және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше-мемлекеттер порттарына дискриминацияға ұшырамаған рұқсатнама беруді қамтамасыз ету арқылы экспорттық жеткізуді кеңейту бойынша жұмыстар жалғастырылуда. Финляндияға және Жапонияға экспорт кеңейді, сондай-ақ Еуропа және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қызығушылық танытуда.

6 ақпанға дейінгі жағдай бойынша еліміздің барлық облыстарында халықтың коммуналдық-тұрмыстық қажеттілігіне көмір жеткілікті. Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда облыстарындағы қоймаларда және теміржол тұйықтарында көмір бар, халықтың қажеттілігі қанағаттанарлық деңгейде. Оңтүстік Қазақстан облысының Шымкент, Түркістан, Ленгір, Сарыағаш қалаларында және өңірлерде көмір бар. Барлығы облыс қоймаларында 19 000 тонна көмір жинақталған.

2018 жылдың қаңтар-ақпан айларына қатысты көмірді өндіру және жөнелту туралы жедел мәлімет

Көмірді өндіру:

2018 жылдың қаңтар айында Көмір өндіруші кәсіпорындар 9,3 млн тонна көмір өндірді.

Бірқатар көмір өндіруші кәсіпорындар көмірді өндіру көлемін 2017 жылғы қаңтар айымен салыстырғанда өндірілген көмір көлемін арттырды, ал кейбір кәсіпорындар керісінше азайтты:

  • «Богатырь көмір» ЖШС – 222,1 мың тоннаға артық өндірді немесе 2017 жылғы сәйкесінше кезеңімен салыстырғанда 106%.;
  • «Қаражыра» АҚ – 76,1 мың тоннаға артық өндірді немесе 2017 жылғы сәйкесінше кезеңімен салыстырғанда 111%;
  • «Восточный» разрез – 71,9 мың тоннаға артық өндірді немесе 2017 жылғы сәйкесінше кезеңімен салыстырғанда 105,2%;
  • «Шұбаркөл Премиум» ЖШС – 35 мың тоннаға артық өндірді немесе 2017 жылғы сәйкесінше кезеңімен салыстырғанда 136,4%;

Көмірді жөнелту:

Ағымдағы жылдың қаңтар айында энергетика саласына 6,7 млн тонна көмір бөлінді.

Коммуналдық-тұрмыстық қажеттілікке және халыққа 838,6 мың тонна көмір бөлінді.

Ақпан айынан бастап жедел мәліметке сәйкес 1,9 млн тонна көмір өндірілді.

Сондай-ақ, энергетикаға – 1,5 млн тонна, коммуналдық-тұрмыстық қажеттілікке және халыққа – 225,6 мың тонна, ал экспортқа 343,1 мың тонна көмір бөлінді.