30 қаң, 2017 сағат 10:56

Руслан Желдібай. Енді біз "табысынан" гөрі "шығысы" көп мемлекетпіз

Біз сынды бюджетінің 46%-ы (Б.Сағынтаевтың ақпараты) мұнай бағасына тәуелді мемлекетке осы жыл тым ауыр болуы мүмкін деп ойлаймын. Әрине, қазір тек жылдың басы ғана әрі бюджет жоспарлағанда 2017-2019 жылдарға барреліне 35$ деп болжадық. Дегенмен, 2021 жылға қарай 45$ барреліне дейін өседі деп үміттеніп отырмыз. Goldman Sachs және World Bank сарапшылары биыл $57.50 болуы мүмкін деп отыр. Алайда, кешегі жаңалықтар қуанатындай емес. 

 Біріншіден, АҚШ президенті Трамптың "ұзақ әрі төмен мұнай бағасы" стратегиясы бар. Ол бойынша, сарапшылар барреліне 30$ не тіпті одан төмен деп "ең нашар" сценарийді ұсынды. Saxo Bank сарапшысы Ole Hansenның пікірінше, экологтардың қарсылығына қарамастан Канададан АҚШқа бағытталған Keystone XL and Dakota Access мұнай құбырларын тартуға рұқсат беруі мұнай нарығы бағасына әсерін бермек. Өйткені, АҚШ әлемде жалпы өндірілген мұнай көлемінің төрттен бірін тұтынады. 

Екіншіден, сланц әдісімен мұнай өндіретін АҚШ компаниялары Үкімет тарапынан қолдауға ие болуы мүмкін. Қазірдің өзінде климаттың өзгеруіне сенбейтін Трамп "АҚШтың су ресурстары" туралы заңына өзгерістер әзірлеп отыр. ExxonMobilдің бұрынғы басшысы Rex Tillersonнің АҚШтың Secretary of State болып тағайындалуының өзі мұнай компанияларының лобби артатынын білдіреді. Білсеңіз, АҚШтың ішкі мұнай өндіру көлемі Сауд Арабиясымен теңдей. Яғни, АҚШ мұнай нарығына қосымша көлем шығаратын болса, экономика заңы бойынша баға төмен құлайды. Ал сланц әдісімен мұнай өндіретін компаниялар үшін бағадан гөрі көлем маңызды, себебі өзіндік құны 30$дан төмен. 

Үшіншіден, Saxo Bank сарапшылары мұнайға бай Ливиядағы өндіріс көлемі артатынын болжап отыр. Сәйкесінше, бұл қосымша соққы болмақ. Онсыз да мұнай өндірісі көлемін қысқартқан OPEC елдерінің "шыдамы" таусылатын шығар. 

Қысқасы, Үкіметтің бюджетте барреліне 35$ көрсеткені бекер болмады. Бұл жағынан Премьер-министрде толық картина бары анық. Ендігі мәселе, бюджеттің дефициті мен ЖІӨ-нің өсіміне қатысты. Яғни, енді біз "табысынан" гөрі "шығысы" көп мемлекетпіз. Қаржы вице-министрі Р. Дәленовтың ақпараты бойынша, Азия даму банкі мен Международный банк реконструкции и развитиядан алған 2 млрд $ заем бюджет дефицитін жабуға жұмсалған. Бұл дегеніңіз, қарызға өмір сүре бастадық деген сөз. 2017 жылы ұлттық экономика министрлігінің ақпараты бойынша, бюджет дефициті 1,7% болмақ, әрине бұл сан аз болып көрінуі мүмкін, бірақ дефицитті жабуға қажет қаражат қайдан алынбақ?! Мысалы, 2017 жылы бюджет түсімі 7,986 трлн теңге, ал шығыс 8,564 трлн теңге деп жоспарланған. Айырмашылықты байқап тұрған шығарсыз. 2018 жылы дефицит сақталып, 2019-2020 жылдары баланс орнайды деп жоспарлап отырмыз. Одан қалса, теңгенің курсы да мұнай бағасына байланып тұр. Бұл - үлкен риск. Трамптың шешімдері біздің жоспарға сөзсіз әсер етеді. Мұны Үкімет жақсы білетініне сенемін. Сондықтан, барынша үнемдеп және әрбір теңгені санап отырып, қажетті салаға жұмсамасақ қайтадан қарыз алуға мәжбүр боламыз. 

P.S. "Трамп саясатын талқылап қайтесіңдер, бізге қатысы жоқ" деген азаматтар ойланғаны жөн.

Руслан Желдібайдың фэйсбуктағы жазбасынан