12 мам, 2020 сағат 21:17

Еnbek.kz порталы жұмыс іздеген азаматтар үшін ыңғайлы етілді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев жұмыссыз қалған азаматтар Еnbek.kz порталында өзіне керекті ақпаратты қалай таба алатынын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нариман Мұқышев Facebook-парақшасында жазғандай, enbek.kz порталын қолданысқа ыңғайлы етіп өзгерту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. 

Соған орай, азаматтардың әртүрлі санатын жұмыспен қамту туралы ақпараттар сайттың бірінші бетіне орналастырылған. Сол ақпарат арқылы кез келген азамат өз санаты бойынша тіркеліп, жұмыс іздей алады. Олар: 

- жұмыссыздар; 

- жастар; 

- ерекше қажеттілігі бар азаматтар; 

- жалдамалы жұмысшылар;

- босап қалған жұмысшылар (жұмыс берушінің шешімімен жұмыссыз қалғандар немесе жұмысшылар штатының қысқаруына байланысты жұмыссыз қалғандар); 

- табысы аз жұмысшылар (кірісі күнкөріс минимумынан аз немесе біліктіліксіз еңбекке тартылғандар).

«Өзіңіз енетін санатты таңдап алып, мемлекет нақты контингентке қандай қолдау шаралары мен жұмыс ұсынатынын, кімге қалай жүгінуге болатынын біле аласыз. Жалпы жұмыспен қамту шараларына техникалық және кәсіби оқыту, қысқа мерзімді оқыту, «Бастау Бизнес» жобасы, несиелеу, сәйкес вакансия табу, жастар тәжірибесі мен тағы басқа тетіктер кіреді. Ақпарат пайдаңызға жарар деген сенімдеміз», - дейді вице-министр.