23 там, 2019 сағат 14:06

Еңбекке жарамды адам шамасы келіп тұрса жұмыс істеуі керек - Сапарбаев

70 мың отбасының атаулы әлеуметтік көмек бойынша берген өтініші қаралып жатыр. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Еңбекке жарамды адам шамасы келіп тұрса жұмыс істеуі керек. Барлық мемлекеттік қолдау мен көмек, әлеуметтік шаралар шынында да, мұқтаж адамға көрсетілуі тиіс. Алайда, өкінішке қарай, бұған дейін айтқанымыздай, АӘК тағайындау кезінде кейбір азаматтардың өз табысын жасыру фактілерін көп кездестірдік. Мәселен, табысы 200 мың немесе 300 мың теңге адамдар өз айлығын 40 мың теңге деп көрсеткен», - деді Бердібек Сапарбаев Үкіметтің баспасөз орталығында.

Вице-премьер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қызметкерлері тұрақты мониторинг жұмыстарын жүргізіп отырғанын, еңбек ресурстары бойынша орталыққа жұмыс істейтін барлық қазақстандық туралы мәлімет түсіп жатқанын айтып берді.

«Осының негізінде кез келген азаматтың айлығын айқындап, біліп отырмыз. Отбасы мүшелеріне шаққандағы табыстарын анықтаймыз. Отбасындағы жан басына шаққанда күнкөріс минимумынан 70 пайызға аса ма – соларға АЕК беріледі. Бірақ, өкінішке орай, қазіргі таңда мұндай отбасылардың саны Қазақстан бойынша 70 мыңнан асады (...) Осы 70 мың отбасының шынайы табысын пысықтау бағытында жергілікті билік органдарымен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Елбасы да, Мемлекет басшысы айтқандай «көмек нағыз мұқтаж адамдарға берілуі керек»,- деді Бердібек Сапарбаев.

Сондай-ақ, ол мұқтаждық пен масылдықты ажырата білу қажеттігі туралы айтты.

«Егер біз осыны пайдаланып, жұмыс істемей масыл болып кетсек, бәріміз масыл болып кетсек, болашағымыз қалай болады. Жастарды қалай тәрбиелейміз. Сондықтан, бұл жерде масылдық болмауы керек», - деп атап өтті вице-премьер.