01 там, 2019 сағат 07:45

Еңбекке бағытталған прагматизм


Адам баласы дүниеге келгеннен кейін қалыптасу эволюциясын өтеді. Әр заманның сипатына қарай ол эволюция өзгере береді. Егерде қола дәуірінде металлургияның кең қанат жайып, еңбек құралдары мен қару-жарақ жасаудың шыңына жеткен болса, жиырмасыншы ғасырда адамзаттың әлеуметтік-мәдени өмірі жаңаша даму қарқынын алған болатын. Оның барлығы тарих. Бірақ, индивид болып қалыптасып келе жатқан өскін тарихты егжей-тегжейлі зерттеу тиіс. Өйткені, көптеген мәселе тәжірибеге келіп тіреледі. Адам баласы неғұрлым көп көріп, көп таныған сайын болашаққа деген қадамы нық бола бастайды. Тал-бойынан жігер пайда болып, рухы асқақтайды. Оның салдары – еңбекке жетелейді.

Заманнан заманға, дәуірден дәуірге жеткен жалғыз ғана ақиқаты бар аксиома – адам баласы үздіксіз даму сатысын тек қана еңбекпен жалғастырады. Еңбек әртүрлі формамен беріледі. Қара жұмыс, ойдың жұмысы, ізденіс, тану, көріп-білу, тоқырау деген сияқты.

Қазақ Елі бұл даму үрдісінен ада емес. Ғасырлар тоғысында тәуелсіздікті аңсаған ата-баба арманы жүзеге асып – егемендікке ие болған едік. Қазақ жерінде арайлап атқан ақ таңы, ең алдымен, осынау Алатаудан Арқаға, Алтайдан Атырауға көсілген дархан даланы ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен, ақылмен, берік тақыммен қорғап, сақтап қалған ата-бабаларымыздың ұлы күрестерінің заңды да нақты нәтижесі. Енді бізде ширек ғасырда ел шаңырағы шайқалмай, іргеміз бекіді, елдік дәстүр орнықты, көгімізде көк байрақ желбіреді. Ұлттық құндылықтар ұлықталуда. Берекелі бірлік көзі – этносаралық келісім мен діни түсінікке негізделген бірегей Қазақстандық қоғам қалыптасты. Әрине, жұмыс жасайтын тұстары аз емес. Тұтас бір қоғамды жетпіс жыл бодандықтан кейін бір арнаға тоғыстырып, бір көш-керуенге ілестіру оңай емес.

Сондықтан, қазіргі уақытта прагматизм деген түсінік бізге қажет. Прагматизм теориясы әрекеттің болжалды қорытындысы, ол да құрал. Оның құндылығы әрекетті табысты ете алуына байланысты болып келеді. «Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді». Ал еңбекке бағытталған прагматизм эволюциялық дамудың жаңа деңгейі.

Қайрат Сейтқазин,

Ақмола облысы «Рухани жаңғыру»

Өңірлік жобалық кенсесінің жетекшісі