03 шіл, 2019 сағат 16:58

Еңбек министрі Теңіздегі оқиғаға қатысты пікір білдірді

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Теңіз кен орнындағы оқиғаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Ол жерде біздің комитеттің төрағасы жүр. Оқиғаның бастапқы себебін өздеріңіз де білесіздер", - деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Оның атап өтуінше, Теңіз кен орнында жұмыс істейтін қазақстандық жұмысшылардың белсенділері 11 талап қойған.

"Олардың арасында жалақыға қатысты мәселе бар. Бізде жалақыдағы айырмашылыққа қатысты мәлімет бар. Екінші талап - жұмыс кестесіне қатысты. Үшіншісі -  жұмыс жағдайына байланысты. Жалпы осы еңбек қарым-қатынасына қатысты 5 мәселе бар", - деді Бердібек Сапарбаев.

Сондай-ақ, министр Әбу-Даби Плаза жұмысшыларының наразылық таныту себебін айтты.

"Әбу-Даби Плазаға қатысты айтар болсам, таңертеңнен ол жерде қала әкімінің орынбасары, еңбек инспекциясы және бақылау комитеті төрағасының орынбасары болды. Бастапқыда мынадай талаптары болды. Біріншісі түскі асқа қатысты.  Жұмыс беруші түскі асқа 500 теңге төлейді. Шетелдік жұмысшылар арнайы асханада тамақтанады. Ал қазақстандықтар 500 теңгенің аз екендігін айтып, үстемелеуді сұрап отыр. Екіншісі жұмыс уақытына қатысты. Үшіншісі жалақыға қатысты болды", - деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта арнайы комиссия құрылған. Осы комиссия орын алып отырған оқиғаның мән-жайын анықтайтын болады.

"Комиссия қазақстандық жұмысшы қанша, шетелдік жұмысша қанша жалақы алатынын анықтайды. Еңбек кодексіне сәйкес, егер  еңбек  ету жағдайы барлығына бірдей болса, онда жалақы да бірдей төленуі керек. Сондықтан бұл жерде қандайда бұзушылық болса, онда біз құқық қорғау органдарымен бірге шара қолданамыз. Шындығына келер болсақ, Әбу-Дабиге, жалпы осы мәселеге соңғы нүкте қою керек", - деді Бердібек Сапарбаев.

Естеріңізге сала кетсек, 29 маусым, сағат 11:00 шамасында «Теңіз» вахталық қалашығында (Жылыой ауданы Құлсары қаласынан 120 км, Атырау қаласынан 340 км) «Сohsolited Contracting Endihering and Prourement S.A.L Offshore (CСЕР)» компаниясының жұмысшылары жұмыс учаскесіне жиналып, Ливия азаматы Eli Daoud-тің жақында WhatsАpp желісінің профиліне орналастырған фотосуретіне наразылық білдірген.