07 сәу, 2020 сағат 14:33

Еңбек инспекциясына көп шағымдар түсіп жатыр - Алматы

Алматыда бірқатар жұмыс беруші жұмысшыларын мәжбүрлі демалысқа жіберген. Бұл туралы онлайн брифингте қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы Рахат Шимашева айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Оның айтуынша, жұмысынан айрылған қала тұрғындарынан шағымдар өте көп түсіп жатыр. 

«Еңбек инспекциясына көп шағымдар түсіп жатыр. Жалақысы сақталмайтын демалысқа кеткен 200 адамнан арыз түсті. Бұл шағымдар бойынша тексеруді ТЖ режимі аяқталған соң бастаймыз. Әзірге барлық жоспардан тыс тексерулер, қоғамдық қабылдау жүргізуге тыйым салынған. Егер адамдар осындай құқықбұзушылықпен бетпе бет келсе, олар бізге жазбаша өтініш бере алады. Біз шектеу аяқталған соң айналысатын боламыз», - деді Рахат Шимашева. 

Бұған дейін біз 42500 теңгені алуға 67 000 тұрғын өтініш бергенін жазған болатынбыз.