17 мам, 2018 сағат 14:19

«Ең үздік студенттік топ – 2018» байқауы өз мәресіне жетті

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде «Ең үздік студенттік топ – 2018» байқауының ақтық сайысы өз мәресіне жетті. Жарыстың соңғы кезеңінің мақсаты студенттерді инновациялық  жобаларға баулу болды. Өз факультеттерінің беделін қорғап шыққан әр топ Елбасы Н.Назарбаевтің «Рухани жаңғыру» бағдарламалары аясында өздерінің жобаларын қорғады. Факультетінен суырылып шыққан топтардың қорғауымен бір-бірінен өткен керемет, ақылды және мұқият жасалған жобалардың куәсі болдық. Байқауды бастан-аяқ ұйымдастырып, студенттерді осындай игілікті іске баули білген «Сұңқар» студенттер мен маистранттар кәсіподағы.

ФИНАЛИСТЕР БҰҒАН ДЕЙІН ҚАНДАЙ КЕЗЕҢДЕРДЕН ӨТТІ? 

Айта кетейік, 2012 жылдан бері бастау алған жоба студенттердің белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру, үздік студенттер тобын шығару және ынталандандыру мақсатында жүргізіліп келеді. Осы жылы 8 факультеттен ең үздік 8 топ қатысты. Байқау барысында студенттік топтардың тапқырлығын, білімділігін және ұйымдастырушылық қабілетін жоғары деңгейде көрсетуі – қатысушыларға қойылатын басты талап болды. Мамыр айына дейін жалғасқан  дода студенттердің уақыттарын қызықты әрі пайдалы іске жұмсауына септігін тигізді.

Студенттердің жалпы оқу үлгерімі, ғылыми, мәдени және қоғамдық шаралардағы белсенділігі, өзін-өзі басқарудағы ұйымдастырушылық қабілеттері сыналатын дода төрт деңгейде өткізіліпті. Бірінші факультет деңгейінде де ең білімді, ең үздік, ең ұйымшыл топтар таңдалып, университеттік додада жіберілді. Ақпан айының 14-28 аралығында әр факультеттің ең үздік топ студенттерінің жетістіктері мен шығармашылықтарын әр факультеттен суырылып шыққан жалынды жастар өзара наурыз айының 11-ші жұлдызында  байқаудың І турында бақ сынасты. Конкурстың екінші деңгейінде немесе университеттік деңгейдің бірінші кезеңінде студенттік топтар өз факультеттерін қызықты бейнероликтер арқылы таныстырып, өздерінің ұйымшылдығын көрсете білді. Байқауда әр топ ерекше костюмдер киіп, өздерінің таланттарымен тәнті етті. Конкурсқа қатысқандар өз факультеттерінің намысын қорғайтын болғандықтан, қатысқан студенттер бар күш-жігерлерін салып жарысты. Топтардың арасынан келесі турға өткен факультет топтарының 1-ші кезеңнің қорытындысы ескерілді, яғни, топтардың үлгерімі, ғылыми жарияланымдарының саны, пәндік олимпиадаларға, байқауларға, конференцияларға қатысқан студенттер саны, авторлық куәлігі, патенттері, қоғамдық қызметі және спорттық қызметі ескерілді. Жүзден жүйрік мыңнан тұлпар 6 студенттік топ конкурстың келесі кезеңінде өз бақтарын сынауға жолдама алдыстайтын құжаттар папка түрінде жиналды.

Сәуір айында студенттердің ең сүйікті жобасына айналған «Ең үздік студенттік топ-2018» байқауының 2 кезеңі өтті.  «Таныстыру» деп аталған 2 кезеңде барлық топтар өздерін таныстырды. 25 сәуір күні 3 кезеңмен жалғасын тапқан байқауда студенттік топтар өздері  түсірген Елордамыз   Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай  «Астанама 20жыл»   атты бейнероликтерін көрермен назарына ұсынды. Сонымен қатар, «Айналаңды нұрландыр» және «Алма-Қала» акциялары төңірегінде ҚазҰУ қалашығында көшеттер отырғызылып, жасылдандырылды. Бұл акцияларға «Ең үздік студенттік топ – 2018» қатысушылары да шет қалмастан, ат салысты.

АҚТЫҚ САЙЫС. КІМ ҚАНДАЙ ЖОБА ҰСЫНДЫ?

Ақтық сайыста факультеттердің ақ туын ұстаған топтардың жобалары:

1. Физика-техникалық факультеті – «Автотұрақ»

2. География және табиғатты пайдалану факультеті – «Project Scale»

3. Философия және саясаттану факультеті – «SMART проект»

4. Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультет – «YOUTUBЕ желісіндегі қазақ тілді контент»

5. Биология және биотехнология факультеті – «Ластанған тоған суларын Eichirnia crissipes L. – Су сүмбілімен тазалау

Бір-бірінен өткен керемет жобалардың баршасы ҚазҰУ қалашығының экологиясын тазартып, студенттердің қызметіне жарайтын, smart сity үшін арналған жобалар болды. Үздік студенттік топтардың жобалары қызу талқыға түсіп, жоба авторларына сұрақтар қойылды.

Дәстүрге айналған «Ең үздік студенттік топ-2018» жобасы осылайша өз мәресіне жетті. Жобаның нәтижесінде жүлделі үшінші орын алған география және табиғатты қорғау, философия және саясаттану факультетінің студенттік топтары «Мәдени орынға жолдама» алса, екінші орынды алған физика-техникалық факультетінің тобы Ыстықкөлге жолдама алды. Бірінші орынды алған биология және биотехнология факультеті, ғылыми биология мамандығы бойынша 2-курс студенттерінен құралған «BIO rhythms» тобы 2018 жылғы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың үздік тобы атанып, Астана мерекесіне орай Елордамызға саяхаттауға жолдама алды.

Идаят Нұрсәуле

Омаров Жанболат

Бағила Абдуллаева

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті