24 мам, 2019 сағат 08:22

«Emirates» әуе компаниясы Қазақстанға тұрақты рейс ашады

«Emirates» әуе компаниясы Қазақстанға тұрақты рейстер ашуы мүмкін. Бұл туралы ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті Фейсбуктегі парақшасында жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Азаматтық авиация комитеті Нұр-Сұлтан қаласының және «Астана» халықаралық қаржы орталығының көліктік қолжетімділігін арттыру бойынша жұмыстарды жалғастыруда.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы тұрақты әуе қатынасын 4 әуе компания («Эйр Астана», «Этихад», «Fly Dubai», «Air Arabia») жүзеге асырып келеді. Қазақстандық авиакомпания аптасына 12 рет Нұр-Сұлтан, Алматы және Дубаи қалалары арасында ұшуларды орындайды. БАӘ компанияларының ұшақтары Әбу-Даби, Дубай, Шарджа және Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары арасында аптасына 16 рет қызмет көрсетеді. Екі ел арасында аптасына 28 рейс орындалады", - делінген таратылған ақпаратта.


Ведомство ақпаратына сəйкес, ҚР ИИДМ Азаматтық авиация Комитетінің төрағасы Талғат Ластаев Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мұхаммед әл-Жабермен кездесу өткізді.

Кездесу барысында екі ел арасындағы әуе қатынасын одан әрі кеңейту мәселелері талқыланды.

"Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктерінің авиациялық билік органдарының арасында екіжақты кеңестер өткізу мүмкіндігі, сондай-ақ «Emirates» әуе компаниясының Қазақстанға тұрақты рейстер ашу мүмкіндігі қарастырылды.

Екі ел арасындағы әуе қатынасын әрі қарай кеңейту елдер арасындағы қарым-қатынастарды нығайтуға, сондай-ақ туризмді табысты дамытуға ықпал етеді", - деді комитеттен.