09 қыр, 2018 сағат 18:24

Эмир Байғазин Венеция кинофестивалінде үздік режиссер атанды

Венеция кинофестиваліндегі «Көкжиек» бағдарламасында үздік режиссер атағын қазақстандық Эмир Байғазин жеңіп алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Фестивальде қазақстандық режиссер басты кейіпкері Асланның трилогиясын аяқтайтын "Өзен" атты фильмін ұсынған. Алғашқы екі бөлімі - "Асланның сабақтары" мен "Жаралы періште" фильмдері 2013 және 2016 жылдары Берлин кинофестивалінде ресми көрсетілген еді.

"Өзен" фильмі шалғайда өмір сүретін бес ағайындының қаладан қонақ келген соң өмірлерінің қалай өзгергендігін көрсетеді. Фильмнің түсірілімі Түркістан облысында өткен. Басты рөлдерді Қазақстанның әр бұрышынан жиналған әуесқой әртістер сомдады.

Байқаудың басты жеңімпазы мексикалық режиссер Альфонсо Куаронаның "Рома" фильмі болды. "Ағайынды Систерс" фильмін түсірген Жак Одияр үздік режиссер атағын иеленді. Гран-приді төрешілер "Фаворит" фильмін түсірген грек Йоргус Лантимосқа табыстады. Үздік актер атағын "Ван Гог: Мәңгілік табалдырығында" фильміне түскен Уиллем Дефо алса, "Фаворит" фильмінде ойнаған Оливия Колман үздік актриса боп танылды.

Сондай-ақ, жалпы кинофестивальде «Әруақ» (реж. Х.Ахметов), «Әміре» (реж. Д.Веспа), «Талан» (реж. Б.Қалымбетов), «Ол» (реж. А.Сатаев), «Алмас қылыш» (реж. Р.Әбдрашев), «Анаға апарар жол» (реж. А.Сатаев), «Оралман» (реж. С.Құрманбеков), «Біздің қаланың кішкентай ханзадасы» (реж. Т.Теменов), «Шыңырау» (реж. Ж.Жетіруов), «Жат» (реж. Е.Тұрсынов) көркем фильмдері мен «Күлтегін» (реж. А. Әбілдинов), «Jumper» (реж. Арман Бейсембаев) және «Мұзбалақ» (реж. Т.Майдан, Т.Төлеуғазы) сынды отандық анимациялық фильмдердің трейлерлері көрсетілді.

Айта кетейік, «Көкжиек» бағдарламасы Венеция кинофестивалінің негізгі конкурсынан кейінгі маңызға ие байқау.