18 қыр, 2018 сағат 09:05

Эмир Байғазин Голливудтік баспасөз қауымдастығының грантын иеленді

Әлемнің 6 режиссері Hollywood Foreign Press Association ұйымының бірінші резиденттік грантына ие болды. Олардың қатарына Венеция кинофестивалінің «Көкжиектер» (Горизонты) бағдарламасында «Үздік режиссер» аталымы бойынша жүлдегер болған Эмир Байғазин кірді, деп хабарлайды ҚР МСМ баспасөз қызметі.

Үздік кинематографистер 2-23 қаңтар аралығында семинарлар курсын, танымал режиссёрлердің шеберлік сыныптарына қатысу үшін Лос-Анджелес қаласына аттанады. Жүлдегерлер Film Independent ұйымдастырған іс-шараларға, сондай-ақ 76-жыл сайынғы «Алтын глобус» салтанатына қатысады.  

Торонтода өтіп жатқан кинофестивальде «Тұғырнама/Платформа» конкурстық бағдарламасының жүлдегерлері белгілі болды. Секцияның жалғыз жүлдесін режиссер Хо Ви-Диннің «Бақытты қала» фильмі алса, Эмир Байғазинның «Өзен» туындысы әділқазылар алқасының ерекше ықыласына ие болды. 

TIFF «Тұғырнама/Платформа» әділқазылар алқасының мүшесі Ли Чхан Дон: «Фестиваль бойы біз авторлық киноның болашағы сенімді қолдарда екендігіне сенім берген 12 фильмді көріп шықтық. Ең үлкен қиындық - бір ғана режиссерді таңдап алу болды. Әділқазылар алқасының атынан (Бела Тарр, Мира Наир, Ли Чанг-дон) Эмир Байғазин мен оның поэтикалық тарих пен таңғалдырарлық суреттерге толы бірегей және керемет «Өзен» туындысын ерекше атап өткіп келеді» - деді. 

Өз кезегінде режиссер фильмнің түсіру командасының жұмысын атап өтіп, «Мен Венеция кинофестиваліндегі жеңісімізбен құттықтаған барлық қазақстандықтарға, сенім мен қолдау көрсеткен Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт Министрлігінің басшылығына, актерлар мен командама алғыс білдіргім келеді» - деді.

Ресми пресс стейтментте қазақстандық туынды туралы «Біз тартымды визуалдық шешімдер мен батыл әрі байқампаз төзімді стиль, нақты және қызық қолөнер арқылы өрнектелген әлемге ендік» делінген.

Screendaily ұйымдастырған халықаралық киносыншылар рейтингісіне сүйенсек, 1-орында қазақстандық «Өзен» туындысы және аргентиналық Бенжамин Найштаттың «Рохо» фильмі тұр.