25 қаң, 2017 сағат 15:01

Елжан Біртанов денсаулық сақтау министрі болып тағайындалды

Елжан Біртанов денсаулық сақтау министрі болып тағайындалды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

"Елжан Амантайұлы Біртанов Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі болып тағайындалсын", - делінген Жарлықта.

Айта кетейік, Біртанов 2015 жылдың 12 қарашасынан бері ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі болып қызмет атқарған еді. Бұл қызметіне дейін ол "Мемлекеттік-жеке меншік серіктестік жобаларын сүйемелдеу орталығы" ЖШС Басқарма басшысы қызметін атқарған болатын.

Елжан Біртанов 1971 жылдың 18 қазанында Тараз қаласында дүниеге келген. Ол Алматы медициналық институтында, Аризона штатының университетінде, Ресей медициналық дипломнан кейінгі білім академиясында, Шарите университеттік клиникасында (Германия), Тұран университетінде, Duke University, Fuqua School of Business (АҚШ), Global Executive MBA магистратурасында білім алған.

Ол Алматы қаласындағы жедел медициналық көмек көрсету емханасының дәрігер-реаниматологы, Республикалық токсикология орталығының жетекшісі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас токсикологі,  ҚР Денсаулық сақтау министрлігі "Денсаулық сақтау саласын дамыту институты" РММ директоры, ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі, "Ұлттық медициналық холдинг" АҚ Басқарма басшысының орынбасары, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі, сондай-ақ, "Ұлттық медициналық холдинг" АҚ Басқарма басшысы қызметтерін атқарған.  2014 жылдың мамыр айында Мемлекеттік-жеке меншік серіктестік жобаларын сүйемелдеу орталығының Басқарма басшысы болып тағайындалған болатын. Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі. Медицина ғылымдарының докторы.