01 шіл, 2019 сағат 09:33

Елордаға Арыс қаласынан 200 бала келді

Бүгін таңертең елордамыз Нұр-Сұлтанға Арыс қаласынан 200 бала келді. Олар енді 10 күн бойы бас шаһарда демалатын болады, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Бес вагон болып келген балаларды Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов салтанатты жағдайда қарсы алды.

«Нұр-Сұлтан қаласына қош келдіңіздер, балалар! Аман-есен жеткендеріңе қуаныштымыз. Енді сіздер осында он күндей демалатын боласыңдар. Елордамыздың көрікті жерлерін аралап, концерттік-спорттық шараларға қатысасыздар. Сендерден кейін өздеріңмен оқитын басқа балалар да келетін болады. Нұр-Сұлтан қаласы Арыспен біргеміз!» - деді елорда әкімі.

Сонымен қатар қала басшысы арыстық бүлдіршіндерге өзімен бірге қарсы алу рәсіміне келген Ержан Максимді де таныстырды.


Арыстан келген оқушылар «Балалар үйі» мен Гуманитарлық колледжде тұратын болады. 

«Бізді вокзалда қарсы алғанда қала әкімі «Нұр-Сұлтан қаласына бірінші рет келгендерің бар ма, болса қолдарыңды көтеріңдерші» дегенінде екі қолымды бірдей көтеріп жіберіппін. Елорданың адамдары жақсы екен, оркестрмен қарсы алды. Мен өте қуаныштымын. Енді Арыстағы үйіміз жөнделгенше осында боламыз. Жататын орнымыз да ұнайды», - дейді Арыс қаласындағы С.Адамбеков атындағы орта мектептің 6-сынып оқушысы Мерей Нағанай.

Арыс оқушыларын бастап келген Түркістан облыстық Білім басқармасының маманы Құрманғазы Дінақ та барлығы көңілінен шыққанын білдірді.

«Өте қуаныштымыз. Балаларды жақсы қарсы алған қала басшылығына, жұртшылыққа ризашылығым шексіз. Елдігіміз көрініп, бірлігіміз білініп жатыр», - дейді ол.