11 қар, 2019 сағат 04:46

Елордадағы жарықсыз қалған бірқатар ғимаратқа электр энергиясы берілді

Елордадағы жарықсыз қалған бірқатар әкімшілік ғимараттар мен тұрғын үйлерге электр қуаты берілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Әкімшілік және тұрғын ғимараттарға электр жарығы берілді. 9 көппәтерлі тұрғын үй кешені, сондай-ақ Ақорда, Парламент Сенаты, Мәжіліс, Министрліктер Үйі, Үкімет Үйі, Жоғарғы Сот электрмен жабдықталды. Сонымен қатар, 9 көппәтерлі тұрғын үй жарықпен қамтылды, олар - «Уют», «Краун Плаза», «Тұмар» (2 үй), «Арт Хаус», «Вива плаза», «Алатау», «На водном зеленом бульваре». «Бәйтерек» монументін, «Изумрудный квартал» бизнес орталығын, «Керуен», Ұлттық кітапхана мен Ұлттық мұрағат ғимараттарын жарыққа қосу бойынша жұмыс жүріп жатыр» делінген хабарламада.

Кәбілдік желілерді 15 адамнан тұратын бригадас мен 6 арнайы техника қалпына келтірді. Ғимараттарды электрмен жабдықтау өрт сөндіру бригадаларына рұқсат беру кезінде электр тоғымен зақымданудан қауіпсіздік мақсатында ажыратылды.

Авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу орнына елорда әкімі Алтай Көлгінов шықты. Қала әкімі апат себебін анықтауды тапсырды.

«Электр желілерін қалпына келтірген АРЭК қызметкерлеріне алғыс айтамын», - деп жазды шаһар басшысы Instаgram парақшасында.

Еске сала кетейік, кеше елордадағы «Левобережная» 110/10 кВ шағын станциясының 10 кВ кабель каналында өрт шығып, кабель желісі зақымданды. Салдарынан сол жағалаудағы кейбір тұрғын үйлер мен ғимараттар жарықсыз қалған еді.