26 нау, 2019 сағат 10:02

Елордадағы жантүршігерлік көлік апаты: Зардап шеккендер саны 27-ге жетті (Видео)

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі елордадағы жантүршігерлік көлік апатынан қанша адам зардап шеккенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы мәліметтер бойынша 27 адам зардап шекті. Апат салдарынан екі адам көз жұмды, яғни 53 жастағы автобус жүргізушісі мен 26 жастағы автобус жолаушысы. 25 адам көпбейінді № 2 ауруханаға жеткізілді. Соның арасында төртеуінің жағдайы ауыр. 3 адамға операция жасалуда, тағы үшеуі қарқынды терапия бөлімінде», - деді қала әкімдігінің баспасөз хатшысы Эльвира Жүргенбаева.

№1 қалалық ауруханаға зардап шеккен 1 адам жеткізілді (жедел жәрдем фельдшері). Ол нейрохирургия бөліміне жатқызылды.

Сонымен қатар, Орталық жол ауруханасына тізесін зақымдаған бір адам жеткізілді (жедел жәрдем фельдшері).


Жалпы, оқиға орнына жедел жәрдемнің 22 бригадасы мен Апаттар медицинасы орталығының 1 бригадасы жұмылдырылды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, елордада автобус апатынан екі адам көз жұмды.

«Астана LRT» мәліметі бойынша қаза болғандардың бірі  - бірінші болып соқтығысқан автобус жүргізушісі.


Көлік апаты бойынша полиция тергеу амалдарын бастады.

«ҚР Қылмыстық кодексінің «Екі немесе одан да көп адамның өліміне алып келген жол жүру ережесін бұзу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып кетті. Осы орайда барлық қажетті сараптамалар тағайындалды. Атап айтқанда, техникалық, сот-медициналық тексерулер жүргізіледі. Полицейлер аталған көлік апатының барлық мән-жайын анықтап жатыр», - делінген Полиция департаментінің мәліметінде.


26 наурыз күні Ұлы Дала мен Қабанбай батыр даңғылы қиылысында үш автобустың және жеңіл көліктердің қақтығысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды. Қала маңы бағдарындағы № 303 автобус № 12 бағдардағы жолаушылар автобусымен соқтығысты. Осының екпінімен олар № 53 автобусқа және жедел жәрдем көлігіне барып соғылды.