01 мау, 2020 сағат 08:32

Елордада жыл сайын 30-дан астам тастанды бала асырап алынады

1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күні. Бұл мерекені әлем елдері 70 жылдан астам атап өтіп келеді. Бұл күні балаларға арналған түрлі мәдени және ойын-сауық шаралары ұйымдастырылып, сәбилердің шаттыққа бөленетін күні. ҚазАқпарат тілшісі айтулы мереке қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласындағы мамандандырылған балалар үйі директорының орынбасары Анаргүл Смағұловамен тілдескен болатын.

«Елордадағы мамандандырылған балалар үйі 1933 жылы ашылған, 90 жылға жуық тарихы бар. Басында бір қабатты етіп ағаштан тұрғызған. 1987 жылы мамандандырылған балалар үйі деп атауы өзгертілді. Себебі бұл жерге сау сәбилерден бөлек, денсаулығында ақауы бар немесе туа біткен кемістігі бар балалар да қабылдана бастады. Қазіргі уақытта орталықта 50-ден астам сәби бар. Олардың жас шамалары — 0-4 жас арасы. Және бізде 100-ден астам қызметкер еңбек етеді», - деді Анаргүл Смағұлова. 

Оның айтуынша, балалар үйінде тек тұл жетім сәбилер ғана емес, сонымен қатар ата-анасы бар балалар да тәрбиеленуде. 

«Кейбір ата-аналар әлеуметтік жағдайының төмендігінен отбасын асырау мүмкіндігі болмағандықтан, балаларын біздің орталыққа әкеледі. Олардың ішінде отбасылық жағдайы түзелген соң, балаларын қайта әкететін ата-аналар бар, ал кейбірі қайтып оралмайды. Ондай жағдайда біз ата-анасын іздестіреміз, ал одан нәтиже шықпаған жағдайда құзырлы органдарға хабарлаймыз. Біздің орталықта балалар 4 жасқа дейін болады, одан кейін ересек балалар үйіне, ал ерекше күтімді қажет ететін балалар арнайы орталықтарға жіберіледі, біздегі балалардың 20 пайызы мүгедек немесе ерекше күтімді қажет етеді», - дейді ол. 

Одан әрі балалар үйі басшысының орынбасары сәби асырап алуға қатысты әңгіме өрбітті. 

«Соңғы жылдары балаларды тек қазақстандық отбасылар асырап алуда. Өкінішке қарай, тастанды балалардың көбісі өзіміздің қазақ ұлтынан. Атап айтсақ, біздегі балалардың 70 пайызы қазақтың қаракөздері. Жыл сайын 30-дан астам баланы отандастарымыз өз бауырына басады, ал былтыр 34 баланы асырап алды. Біздегі әр баланың тағдыры әртүрлі: бірін тастап кетсе, екіншісін ата-анасы асырай алмағандықтан осында әкелуге мәжбүр болған. Осы орайда біздің мамандар оларға ана орнына ана, әке орнына әке болып, жан-жылуларын аямайды. Мамандандырылған балалар үйінде барлығына бірдей тиісті жағдай жасалған, ешқайсысы назардан тыс қалмайды. Сонымен қатар, бала тәрбиесі мен күтіміне қажетті мамандардың барлығы бар», - деді А. Смағұлова.

Маманның мәлімдеуінше, елдегі төтенше жағдайға байланысты балалар үйінде жұмыс кестесі өзгеріп, санитарлық шаралар қатаңдатылған. 

«Карантиннің алғашқы күнінен бастап, арнайы бекітілген қаулының негізінде барлық талартарды сақтай отырып жұмыс істеудеміз. Балаларын уақытша әкелген ата-аналар бізге телефон шалып немесе видео байланыс арқылы балаларының жағдайын қадағалауда. Бүгін мереке болғандықтан, санитарлық ережелерді сақтай отырып, балаларға арналған мерекелік шара ұйымдастырудамыз. Онда балалар ән айтып, би билеп өз өнерлерін ортаға салады. Соңында естелік суретке түсіп, тәттілер таратылатын болады»,т- деді ол.