02 мам, 2019 сағат 11:28

Елордада жатақханадан өрт шықты

Елордада бес қабатты жатақхана өртенді, деп хабарлайды төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметі.

2 мамыр күні сағат 10:39-де төтенше жағдайлар департаментінің "101" пультіне Байқоңыр ауданы Халел Досмұхамедұлы көшесіндегі бес қабатты жатақханадан өрт шыққаны туралы хабар түскен.

"Өрт ғимараттың екінші қабатындағы бөлмеден шықты. Жалын 20 шаршы метрді шарпыды. Оқиға орнына шұғыл жеткен мамандар тілсіз жауды 11:15-те ауыздықтады", - делінген хабарламада.

Сонымен қатар өрт сөндірушілер автосатының көмегімен 32 адамды қауіпсіз жерген көшірді. Оның 28-і бала екен.

"Жатақханадағы 350 адам өз күшімен сыртқа шықты. 20 тұрғын дәрігерлерден көмек сұрады. Олардың ішінде 14 бала бар. Мамандар өрттің шығу себебін анықтап жатыр. Өртті ауыздықтауға қалалық төтенше жағдайлар департаментінің 66 қызметкері мен 18 өрт сөндіру көлігі жұмылдырылды", - деп мәлімет берді төтенше жағдайлар комитеті.

Сондай-ақ, өрттен зардап шеккендерге ҚР ІІМ ТЖК апаттар медицинасы орталығының 6 дәрігері көмек көрсеткен.

Оқиға орнына қала басшысы да жетті. Өз кезегінде Бақыт Сұлтанов Байқоңыр аудандық әкімдігі басшыларына өрттен зардап шеккен жандарға жан-жақты көмек көрсетуді тапсырды.

Сонымен қатар, тұрғындар елорда әкіміне жатақхананы апат жағдайындағы сүрілетін тұрғын үй қатарына қосуды сұрады. Өтініш бойынша әкім арнайы әлеуметтік комиссия жіберіп, ғимаратты тексеруді тапсырды.