09 қаң, 2020 сағат 14:40

Елордада тісін емдеткен баланы ес-түссіз халге түсірген емхана тексерілді

Елордада тісін емдеткен баланы ес-түссіз халге түсірген тіс емханасына тексеру жүргізілді. Оның қорытындысын ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Лаура Ахметниязова жария етті, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кеше тексеруді аяқтадық. Нәтижесінде бірнеше заңбұзушылықты анықтадық. Олардың бастылары – Севофлуран препаратымен жасалған жалпы анестезияға қоса, 4 жасқа дейінгі балаларға егуге болмайтын, Мепивастезин жергілікті анестезия препараты қолданылған» деді ол бүгін өткен брифингте.

Сонымен қатар оның айтуынша, баланы емдеместен бұрын аллергияға қарсы сынама да алынбаған. Анестезиолог-реаниматолог дәрігер жалпы наркоз беруге 15 минут қалғанда ғана баланы тексерген. Ал стандартқа сәйкес дәрігер пациентті болжалды ота жасалатын сәттен кемінде 24 сағат бұрын қарауы тиіс.

«Комиссия қорытындысы бойынша пациент жағдайының нашарлауы егілген препараттардың біріне анафилактикалық шоктың дамуымен байланысты болуы барынша ықтимал» деді Лаура Ахметниязова.