01 шіл, 2019 сағат 14:57

Елордада The Spirit of Eurasia заманауи этникалық музыка фестивалі өтеді

5-6 шілдеде Қазақстан астанасында The Spirit of Eurasia 2019 заманауи этникалық музыка фестивалі өтеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Фестиваль ЭКСПО көрме кешенінің жазғы сахнасында өтеді. Сахнаға Латвия, Оңтүстік Корея, Литва, Бурятия, Эстония, Украина, Зимбабве, Мозамбик, Франция, Алжир, Испания, Тува Республикасы, Ресей және Қазақстаннан 13 музыкалық ұжымы шығады.

Фестиваль Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен Қазақстандағы жастар жылы аясында ұйымдастырылып отыр.

Фестиваль аумағында жəрмеңке мен шеберлердің этникалық қалашығы ашылады. Концерт қонақтары қолөнершілер ұсынатын киім-кешектер, музыкалық аспаптар мен кəдесыйлар сатып ала алады.

Фестиваль көрермендері мен қонақтарына жанды дауыстағы музыкалық туындылармен қатар, жобаға қатысушы мемлекеттер туралы интерактивті фильмдерден тұратын ерекше шоу ұсынылады. Көрермендер заманауи технологиялармен үйлестірілген дәстүрлі аспаптардың ерекше үнін тыңдай алады.

Концерт сахнаның екі жағына қойылған үлкен LED-дисплейлерден онлайн түрде көрсетіледі. Дәстүр бойынша, фестиваль The Spirit of Tengri жобасының YouTube-арнасынан тікелей көрсетіледі.