10 қаз, 2019 сағат 13:19

Елордада студенттер тамақтан уланып қалды

Нұр-Сұлтан қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Сәдуақас Байғабылов елорда студенттерінің тамақтан улануына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенттері екінші жыл қатарынан тамақтан улану салдарынан жұқпалы аурулар ауруханасының түсті. Атап өтерлігі, аталған университетте қоғамдық тамақтану саласындағы қызметті шағын және орта бизнес субъектісі көрсетеді. Қазіргі уақытта студенттердің тамақтан улану факісі бойынша ШОБ субъектісінің қоғамдық тамақтану нысандарында эпидемиологиялық тексеру жүріп жатыр», - деді ол.

Оның атап өтуінше, тексеру нәтижесінде улану себептері анықталып, ШОБ субъектісінің азық-түлік өнімдерін дайындау, тасымалдау және сату барысындағы санитарлық-эпидемиологиялық ережені сақтауына баға беріледі.

«Студенттер осы жылдың 7 қазанында жұқпалы аурулар ауруханасына өткір тактериалды ішек жұқпасымен жатқызылды. Улану дерегіне байланысты кәсіпкер өз бастамасымен қоғамдық тамақтану нысанының жұмысын уақытша тоқтатты», - деді С.Байғабылов.

Естеріңізге сала кетсек, 2018 жылдың қыркүйегінде аталған университеттің 16 студенті тамақтан уланып, қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына түскен болатын. Сол кезде тексеру барысында университет асханасында санитарлық ереженің көптеген бұзушылығы анықталып, кәсіпкерге 95 АЕК көлемінде айыппұл салынған еді.