18 қыр, 2019 сағат 15:39

Елордада спортшылармен ғылыми жұмыс жүргізетін университет ашылады

Әрбір бірегей спортшымен ғылыми жұмыс жүргізілуі тиіс. Бұл туралы бүгін ҚР Ұлттық олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бізде әлемдік деңгейдегі тамаша спортшылар болғанымен, олармен ғылыми жұмыс жүргізілмейді. Әрбір бірегей спортшымен ғылыми жұмыс жүргізілуі тиіс. Сондықтан да біз көптен бері кадр оқыту және дайындау, жетекші спортшылармен ғылыми жұмыс жүргізу мүмкіншілігі бар мамандандырылған жоғары оқу орнын құруды өтініп келеміз», - деді Тимур Құлыбаев ҚР Ұлттық олимпиада комитеті Бас ассамблеясының отырысында.

Оның атап өтуінше, бұрынырақта әрбір талантты спортшымен мұндай ғылыми жұмыс жүргізіліп келген.

«Осы жерде біздің өткен жылдардағы ұлы спортшылармыз отыр және олардың әрқайсысы осындай ғылыми жұмыстарға қатысқан. Олардың әрқайсысы бойынша кандидаттық, докторлық жұмыстар жазылып, қорғалды. Бүгінгі күні бізде мұндай жұмыс жоқ. Оны бастап, жасауымыз қажет. Университет бойынша ел Президентімен, Премьер-Министрмен сөйлестік. Өйткені, шынымен университет бізге осы жерде, елордада, олимпиадалық дайындық орталық базасында қажет. Біз қаражат іздеп табамыз, тіпті мемлекеттік-жекешелік серіктестік жүйесі арқылы болса да», - деді ол.

Сондай-ақ, комитет басшысы Қазақстанда спортшылардың бапкерлерінің жалақысы көтерілетінін айтты.

«Өңірлердегі колледждердің базасында спорттық колледждер құру мәселесін де көтеріп отырмыз. Бұл облыстық құрамада жүрген жастардың кәсіп алып шығуына мүмкіндік жасайды. Спортпен айналыса жүріп, кәсіп меңгеру арқылы өмірге нақты жолдама алып шығады. Бапкер, мектепте мүғалім болып, секциялар жүргізе алады», - деді Тимур Құлыбаев ҚР Ұлттық олимпиада комитеті Бас ассамблеясының отырысында.

ҰОК Президенті өмірлік сенімді кәсіп иесі болу үшін спорттан кетіп жатқан талантты жастардың да көп екеніне алаңдаушылық танытты.

«Біз бапкерлік мәртебелі мамандық болатындай, олар лайықты жалақы алатындай жағдай жасауымыз қажет. Жаттықтырушылардың жалақысын көтеруге бағытталған мұндай жұмысты бастап та кеттік. Бас жаттықтырушылардың жалақысын екі есеге жуық көтердік. Қалған мамандарымыз бойынша да осындай жұмыстарды жүргіземіз», - деді ол.