06 сәу, 2019 сағат 12:14

Елордада ломбард тонаған күдікті қолға түсті

Елордадағы ломбардтардың бірін тонады деген күдікпен Ақмола облысының тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының ақпаратына сәйкес, 3 сәуір күні полицияға белгісіз адам хабарласып, түскі ас уақытында Гете көшесінің бойындағы ломбардқа кіріп, қызметкерін қаруға ұқсас затпен қорқыту арқылы ақша беруін талап еткенін хабарлаған. Ол ақшаны алғаннан кейін қылмыс орнынан кетіп қалған.

«Аталған қылмысты ашу үшін елордалық департаменттің жеке құрамы мен қоғамға бағдар жіберілді. 5 сәуір күні шамамен сағат 17:00-де тәртіп сақшыларының жедел әрі үйлесімді іс-қимылы және азаматтардың жәрдемімен аталған қылмысты жасады деген күдікке іліккен Ақмола облысының тұрғыны ұсталды. Күдіктінің айтуынша, ол бұған дейін аталған ломбардта болып, күзеттің жоқ екенін байқаған және қылмысын жоспарлаған. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Заттай айғақтар тәркіленді», - деп атап өтті департаменттен.

Ведомство мәліметінше, күдіктінің бұған дейін де осыған ұқсас қылмыс жасағаны  анықталған.

«Оның бұған дейін жасалған өзге қылмыстарға қатысы тексеріліп жатыр. Аталған азаматтың заңға қайшы әрекетінен зардап шеккен азаматтарды Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментіне мына мекенжай немесе телефон нөмірлері арқылы жүгінуін өтінеміз: Бейбітшілік к. 19, (7172) 71-61-51; 71-66-40 не 102 нөмірі»,- дейді ведомстводан.