31 нау, 2020 сағат 08:27

Елордада карантин режімін бұзған 300-ден астам адам жауапқа тартылды

Елордада карантин режімін бұзған 300-ден астам адам жауапқа тартылды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің басшысы Ержан Сәденов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Карантин режімінің күшейтілуіне қарамастан, кейбір азаматтар қоғамдық тәртіпті бұзып, көшеде жүрген. Үш күннің ішінде, яғни 28-30 наурыз кезеңінде полицияға 307 адам жеткізілді. Оларға қатысты әкімшілік жаза қабылданды. Сонымен қатар, екі мыңнан астам профилактикалық түсіндіру шаралары жүргізілді», - деді Е. Сәденов «Хабар 24» телеарнасында өткен онлайн брифингіде. 

Оның сөзіне қарағанда, 22 наурыздан бастап төтенше жағдай режімін бұзғаны үшін 369 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 86-сы қамауға алынды, 202 адамға айыппұл салынды. Сонымен қатар, 69 адамға ескерту жасалса, 17 іс сотта қаралуда. 

«Блок-бекеттерінде 98 адам жазаға тартылды, оның ішінде 80 адам қамалды, 14 адамға айыппұл салынды, 4 іс сотта қаралуда», - деді Е. Сәденов.