17 қаң, 2020 сағат 06:56

Елордада газ қондырғыларына тексеріс жүріп жатыр

Нұр-Сұлтан қаласының Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы елорданың тұрғын үй шаруашылықтарында газ қондырғыларының жұмысына тексеріс жүргізіп жатыр, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Өткен жылы басқарма қызметкерлері 1 400 резервуарлық қондырғыларды тексерістен өткізді. Оның нәтижесі бойынша «АстанаГазҚызмет» ЖШС-нің меншік иесіне ескертулерді жою мақсатында 340 анықтама берілді. Қазіргі уақытта серіктестік иесі аталмыш мәселелердің барлығын ретке келтірген. Бүгінгі күні қалада 340 жинақтама резервуарлық қондырғылар, 1400 жер астындағы резервуарлар бар.

Қазақстан Республикасының № 532-IV «Газ және газбен жабдықтау туралы» Заңына сәйкес екі қабаттан асатын көп пәтерлі тұрғын үйлерде тұрмыстық баллондарда сұйытылған мұнай газын сақтауға және (немесе) пайдалануға тыйым салынады.

Бүгінгі күні пәтер иелерімен, басқарушы ұйымдармен (ПИК, ТҚК), заңды тұлғалармен тұрмыстық баллондарда сұйытылған газды пайдалану мәселесін түсіндіру бойынша 556 оқыту жұмысы жүргізілді. Оның барысында екі қабаттан жоғары қабатты ғимараттарда баллондарды пайдаланудың 34 жағдайы анықталды. Сонымен қатар, 807 ТҚШ-ның ішкі газ құбырларының тексерілуі жүргізіліп, оның нәтижесінде крандарды ауыстыру бойынша 807 анықтама берілді.

Қазіргі таңда 914 кран ауыстырылды. Осы мәселені кешенді түрде шешу үшін Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы «АстанаГазҚызмет» ЖШС және «Бәйтерек» ПИК қауымдастығының арасындағы келісімге қол қойды.

Келісімнің шеңберінде, «АстанаГазҚызмет» ЖШС 104 газ қызметінің нөмірі бойынша Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарынан өтінімдерге ақысыз тәулік бойы жауап қайтарады. Ал бұрын, апаттық қызметін шақыру үшін астаналықтар 5000 теңге сомасындағы ақы төлейтін. Сондай-ақ компания қаладағы газға қосылған барлық көппәтерлі тұрғын үйлеріндегі кіреберіс ішкі жүйелерінде қызмет көрсетеді. Басқарманың берілген анықтамаларына сәйкес ауыстыруды талап ететін ішкі кіреберіс газ құбырларындағы барлық қрандарды алмастырады. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде, жазбаша өтініштер саны 95%-ға төмендеді.