#
#
Сейсенбі 10/12/2019

Елордада Фариза Оңғарсынова көшесі ашылды

  • 15.11.2019
  • 0
  • 513

Елордада Фариза Оңғарсынова атындағы жаңа көше ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақын есімі ЭКСПО-2017 маңында «Вена орамы» тұрғын үй кешені жанындағы жаңа көшеге берілді. Салтанатты ашылуға қоғам қайраткерлері, депутаттар және ақынның оқырмандары жиналды.

«Қазақтың ұлы ақыны, дара қызы Фариза апамыздың көшесіне келгендеріңіз үшін рахмет. Өткенді ұмытпай, еске алып, жаңа көшелердің біріне Фариза апамыздың есімін беріп отырмыз. Апамыз Парламент қабырғасында да халықтың мұңын жоқтап, көп еңбек сіңірді. Сондықтан, қазақтың осындай ұлы қызының есімін көшеге беру келесі ұрпаққа да тәрбиелік маңызын береді деп ойлаймын. Апамыздың аты мәңгі өшпесін. Бүгін түсте Фаризаның рухына ас береміз, қазір зиратына барып құран бағыштаймыз. Осы көше апамыздың есімімен даңғыл жолға айналсын», - деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен салтанатты ашылу рәсімінде.

Сонымен бірге, ашылуға келген жазушы және қоғам қайраткері Алдан Смайыл Фариза Оңғарсынова туралы естеліктерімен бөлісті.

«Ақынын сыйлаған елге әруақ та, Алла да риза болады. Фариза кең адам еді, мінезі қаттылау болғанымен, жан-жағына жақсылық жасап жүретін шалқар жан еді. Мына көшенің де өзіндей кеңдігін көріп, қуанып отырмыз. Фариза ақиқаттың ақыны болды, шындықты айтып өтті. Шындықты айтудың өзі – ерлік. Елдің шындығын, елдің мұңын өле-өлгенше күйттеп кетті. Ал қазір Фаризаға деген халықтың шексіз махаббатын көріп жүрміз. Фариза қазақтың қызы бола отырып, ұлы да бола білген адам. Қазақ өзінің игі жақсыларына ешкімді теңгермейді. Бірақ, Фаризаны Махамбетке теңеді. Мен дәл сондай ұлыларға теңеген басқа қайраткерлерді білмеймін. Фариза өз заманында Махамбеттің орнын жоқтатпаған, соны толтыруға тырысқан ұлы тұлғалардың бірі болды», - деді Алдан Смайыл.

Жаңа көшені ақынның ұлы Алмас Оңғарсынов пен Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен салтанатты түрде ашты.




Айта кетейік, бүгін 16.00-де ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Фариза Оңғарсынованың «Шілде» және «Полдневный Жар» кітаптарының тұсаукесері өтеді.

Кешкі 19:00-де Жастар театры сахнасында «Фариза» спектаклі қойылады.




 

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар