27 ақп, 2020 сағат 15:04

Елордада есірткі жарнамалайтын 400-ге жуық граффити-сурет жойылды

Елордалық полицейлер былтыр есірткі саудасына қатысты 73 қылмыстық іс қозғаған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Полиция департаментінің ақпаратына сәйкес, кейінгі кезде есірткінің дәстүрлі түрлерімен қатар, синтетикалық есірткілер мен олардың баламалары кеңінен таралып келеді. Атап айтқанда, өткен жылдың шілде айынан осы уақытқа дейін синтетикалық есірткі заттармен байланысты 73 қылмыстық іс тіркелген.

«2019 жылы қала аумағында 180 келіге жуық есірткі тәркіленді. Оның ішінде 3 келіден астам героин және 2,5 келіге жуық синтетикалық есірткі бар. Биыл полиция қызметкерлері 19 келіге жуық есірткі заттарын тәркіледі. Оның ішінде 18,5 келісі – синтетикалық есірткі. Сондай-ақ елордада есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды заңсыз жарнамалау фактілері анықталды. Одан бөлек, кейінгі кезде интернет арқылы синтетикалық есірткінің таралу қаупі айтарлықтай өсіп келеді. Үгіттеушілер есірткі саудасын заңды табыс табу жолы деп таныстырып жасөспірімдерге жұмыс ұсынған», - деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінен.

Мысалы өткен жылы азаматтардың көмегімен елордалық полицейлер 120 интернет-сайттан есірткі жарнамасына қатысты 400-ге жуық граффити-суретті анықтап, алып тастаған. Синтетикалық есірткі ұсынатын интернет-ресурстарды жарнамалаумен айналысатын 10 адам жауапкершілікке тартылды.

Айта кетсек, интернет-технологияларды пайдалану арқылы жасалған есірткі қылмыстары үшін азамат 3 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады. Есірткі және психотроптық заттарды сақтау немесе сату фактілері бойынша Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасына хабарласуға болады.