17 қаң, 2020 сағат 11:11

Елордада ерекше күтімді талап ететін азаматтарға 274 бос жұмыс орны жарияланды

Өткен жылдың қорытындысына сәйкес әлеуметтік қорғау шаралары аясында мүмкіндігі шектеулі 726 адам жұмысқа орналасты. Сондай-ақ, қысқа мерзімді кәсіптік оқуды аяқтаған 59 адамға бизнес-идеяларын іске асыру үшін мемлекеттік гранттар берілді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Қазіргі уақытта мүмкіндігі шектеулі адамдарға жағдай жасау, оларды жұмысқа орналастыру және әлеуметтендіру – елордада әлеуметтік саясатты жүзеге асырудың басты бағыттарының бірі. Бүгінде елордада 1 мыңға жуық ерекше қажеттіліктерге ие астаналықтар еңбек етуде. Соның бірі – 22 жасар «IKOMEK» жедел әрекет ету орталығының қызметкері Еркебұлан Бермұханбетов. «Мен «IKOMEK» орталығында өткен жылдың қыркүйек айынан бастап жұмыс істеудемін. Яғни оқуымды бітіре сала жұмысқа тұрдым. 2019 жылы елордадағы Еуразия гуманитарлық институтының қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын президент грантында оқып, қызыл дипломмен бітірдім. Мен өзім Қарағанды облысының тумасымын, Нұр-Сұлтан қаласына көшіп келгенімізге 12 жылдан асып барады, ата-анаммен бірге тұрамын», - деді ол.

Оның айтуынша, жұмысында ерекше күтімді талап ететін жандарға қажетті жағдай мен мүмкіндік жасалған. «Мен орталықта бейнебақылау есебін жүргізу жөніндегі оператормын. Менің міндетіме қаланың тыныштығы мен қауіпсіздігін бейнебақылау арқылы қадағалау жатады. Яғни бейнебақылау арқылы қала көшелеріне бақылау жүргіземіз. Егерде қандай да бір тәртіпбұзушылық орын алса, оны анықтап дереу тиісті шара қабылдаймыз. Бұл жұмысқа қалай келдім деген сұраққа келсек, оқу бітіргенде маған «IKOMEK» орталығына жұмыс істеуді біздің деканат ұсынды. Мен бұл ұсынысты қуана қабылдадым. Өздеріңіз көріп отырғаныңыздай, мамандығым мұғалім болғанымен, ол мамандықта жұмыс істей алмаймын. Қазіргі жұмысым өзіме ұнайды, оның үстіне ұжым өте тату, басшылық жайлы. Жұмыста бәрімізге тең мүмкіндік жасалған. Жұмыс кестесі де ыңғайлы. 2 күн жұмыс істеп, 2 күн демаламын. Жұмыс таңертеңгі сағат 9-дан кешкі 17:00-ге дейін. Түскі уақытта 1 сағат үзіліс бар. Бізде жұмыста қойылатын басты талап, сақтық пен аңғарымпаз болу. Мен өзіме жүктелген міндетті мүлтіксіз атқаруға тырысамын. Әзірге жұмыс бойынша ескерту алған емеспін», - деп атап өтті ол. Одан бөлек, жас маман болашақта кәсіп иесі болуды армандайтынын айтып кетті. «Әкем кәсіпкер, анам білім саласында еңбек етеді. Мен үйде жалғыз баламын. Болашақтағы арманым, әкем секілді өз ісімді ашып, бизнесмен болу. Болашақта өзімнің құрылыс компаниямның болғанын армандаймын. Нұр-Сұлтан - армандар қаласы, арманымның орындалатынына зор сеніммен қараймын», - дейді жас маман.