19 ақп, 2020 сағат 12:58

Елордада бүгін түнде жарты айлық мөлшердегі қар жауды

Елордада бүгін түнде жарты айлық мөлшердегі қар жауды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қала әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

«Қазгидромет» РМК мәліметіне сәйкес, 18 ақпаннан 19 ақпанға қараған түні елордаға жарты айлық жауын-шашын мөлшері түсті.

«Түнде 7 мм болса, айлық норма 15 мм құрайды. Ақпан айының басынан бері жауын-шашын мөлшері 33 мм құрайды», делінген хабарламада.

Қалалық Төтенше жағдай департаменті ауа райының қолайсыздығына байланысты қала тұрғындары мен қонақтарына қауіпсіздік ережесін сақтауды сұрайды.

Синоптиктердің мәліметі бойынша бүгін боран мен көктайғақ күтіліп, желдің жылдамдығы 23 м/с жетеді.

Еске сала кетсек, қалада ауа райының қолайсыздығына байланысты ескерту жарияланған.

Қазіргі таңда департаменттің жедел штабы құрылып, оның құрамына ТЖД, қаланың азаматтық қорғау қызметтерінің, аудандық әкімдік, «ҚазАвтоЖол» РМК қызметкерлері кірді.

Сондай-ақ қауіпсіздік мақсатында қаладан шығатын барлық бағыттағы тас жолдар жабылды. Елордалық Төтенше жағдай департаменті тұрғындарға мұқият болып, ауа райының өзгеруі туралы ақпаратты және шектеулерді жіті қадағауды ескертеді.

Төтенше жағдай туындаса, «112» қызметі бойынша немесе 24-51-71, 24-51-47, 24-52-12 жедел байланыс телефон нөмірлері арқылы хабарласу керек.

Түндегі қар тазалау жұмысына 1 292 техника мен 156 жол тазалаушы жұмылдырылды.

Бүгін елорда көшелерін қардан тазарту жұмысына 1 407 техника мен 1 100 жол жұмысшысы тартылды.

Ал жалпы осы уақытқа дейін барлығы 4 110 472 текше метр қар полигондар тасылды (325 497 рейс).