19 қыр, 2019 сағат 13:43

Елордада баспана талап еткен көпбалалы аналардың әрекеті заңсыз - әкімдік

Елордада баспана талап етіп, заңсыз шеруге шыққан көпбалалы аналардың әрекеттері заңсыз. Бұл туралы бүгін Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық даму істері басқармасының басшысы Талғат Рахманберді айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«ҚР-дағы бейбіт шеру мен ереуілдерді ұйымдастыру заңының талаптарына сәйкес, бейбіт шеру, митинг, ереуілдерді жергілікті атқарушы органның рұқсатымен ғана жасауға болады. Аталған тұлғаларға жергілікті атқарушы органдар тарапынан рұқсат берілмеген. Соған қарамастан көпбалалы аналардың жекелеген топтары осындай шерулер арқылы өздерінің жеке басының мүддесін, мәселерін шешуге тырысып жатыр. Ол толығымен заңсыз. Біз олармен толығымен келсіпейміз. Себебі көтерген мәселелердің барлығы заңсыз», - деді басқарма басшысы.

Оның атап өтінш, жергілікті атқару орган – Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі мұндай заңсыз шеруге шыққандардың тұрғын үй мәселесін шешіп бере алмайды. Тұрғын үй мәселесіне қатысты қабылданған заң бар. Сол заңға сәйкес жүзеге асырылады.

«Аталған заң талабына сәйкес, тұрғын үй алу үшін кезекке тұру қажет. Нұр-Сұлтан қаласында кезекке Тұрғын үй қоры тұрғызады. Сол қорға барып, кезекке тұрып, соған байланысты баспанамен қамтамасыз етіледі. Ал өзінің жеке басының мүддесін шешу үшін заңды белінен басып, шеруге шығып, ереуілдеткен азаматтардың әрекеттерінің барлығы заңсыз. Біз мұны ашық айтамыз», - деді Талғат Рахманберді.