05 жел, 2017 сағат 11:17

Елімізге төртінші мұнай өңдеу зауыты керек емес – Қанат Бозымбаев

Астанада өтіп жатқан «Kazakhstan Global Investment Roundtable» форумының кулуарында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев қазіргі таңда елімізге төртінші мұнай өңдеу зауыты қажет еместігін айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Baq.kz порталына сілтеме жасап.

«Қазіргі таңда елімізге төртінші мұнай өңдеу зауытын салу қажет емес. Үш мұнай өңдеу зауытын жаңарту жұмыстары бітейін деп жатыр. Атырау мен Павлодардағы аталған зауыттар биыл жұмысты бітірулері керек. «ҚазМұнайГаз» компаниясы келесі жылы «Шымкент» мұнай өңдеу зауытын күрделі жөндеуден өткізеді. Демек алдағы 5-6 жылдың ішінде елімізді 100 пайыз бензин, дизель отыны, авиакеросинмен қамтамасыз ете аламыз», — деді министр журналистерге.

Сонымен қатар, ведомство басшысы алдағы уақытта жанар-жағармайға сұраныс артса, еліміздегі мұнай өңдеу зауытының бірін кеңейту қажеттігін де айтып қалды.

«Ал 2024-2025 жылдары бір зауытты (мұнай өңдеу зауыты — автор) екі есе үлкейту керек. Өйткені, сұраныс артады немесе төртінші зауытты (мұнай өңдеу зауыты — автор) салуға мәжбүр боламыз», — деп түйіндеді сөзін Қанат Бозымбаев.