09 там, 2017 сағат 13:38

Елімізге ақын Сара Тастанбекқызы бейнеленген теңдесі жоқ туындылар қайтарылды

Ресейдегі Қазақстан Елшілігінің ұйытқы болуымен ақын Сара бейнесі сомдалған теңдесі жоқ қылқалам туындылары мен мүсіндер елімізге жіберілді, деп хабарлайды elorda.info.

12 туындының авторы - 1907-2005 жылдар аралығында өмір сүрген ресейлік суретші, мүсінші, архитектор Маргарита Ващенко.

Ол Алматы облысында еңбек еткен 1955-1960 жылдар аралығында осы суреттерді салған. Ақын Сараға қатысты құнды туындылармен бірге өнер иесінің Қазақстанда еңбек еткен жылдары жинаған архив құжаттары, хаттар мен газет үзінділері де елімізге қайтарылды. Маргарита Ващенко Алматы облысы Ақсу ауданының Жансүгіров және Көшкентал ауылдарында ақын Сараның мүсіндерін, Жансүгіров ауылында Ильяс Жансүгіровтың мүсінін және Талдықорған облыстық мұражайында Ғани Мұратбаевтың бейнесін жасаған атақты архитектор.

Осы күнге дейін суреттер топтамасын көзінің қарашығындай сақтап келген Гелия Тимофеева, бұл анамның маған қалдырған аманаты, соны бүгін орындаудың реті түсті дейді. «Нақ-Бірлік» қоғамдық ұйымның төрайымы, Алматы облысы аналар алқасының мүшесі Салтанат Меңлібаеваның айтуынша, ақын Сараның ғасырлық тойын тойлаған кезде Гелия Тимофеева анасының қалдырып кеткен мұрасын сыйға тартпақ ниетін хаты арқылы білдірген. Сол кезден бері Гелия Тимофеевамен хат жазысып келген қоғам басшысы, енді құнды мұралар Алматы облысы Ақсу ауданы Қапал ауылындағы ақын Сараның мұражайында сақталатынын айтады. Гелия Тимофееваның айтуынша, анасы Сара ақынның бейнесін туғандары мен жақындарының суреттеуінше бейнелеген екен.

Естеріңізге сала кетейік, Сара Тастанбекқызы (1853-1907) - атақты суырып салма ақын, сөз майталманы, айтыс өнерінің қайталанбас шебері. Алматы облысының Қапал ауданында дүниеге келген. Сара Тастанбекқызының Біржан салмен айтысы ғасырдан ғасырға үзілмей жалғасып келе жатқан қазақтың айтыс өнерінің шоқтығы биік, көркем үлгісі.