16 там, 2018 сағат 10:07

Еліміздің бюджеті 5,3 трлн теңгеге толықты

Ағымдағы жылдың ішінде еліміздің бюджеті 5,3 трлн теңгеге толықты. Оның 70 пайызын, яғни 3,7 трлн теңгесін салық түсімдері қамтамасыз етіп отыр, деп хабарлайды finprom.kz.

«2018 жылдың бірінші жартыжылдығында мемлекеттік бюджет 5,3 трлн теңгеге толықты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,8 пайызға (5 трлн) артық. Мемлекеттік бюджет толуының негізгі көзі салық түсімдері (барлық түсімдердің 69,8 пайызы) болды. Ол 13,8 пайызға артып, 3,7 трлн теңгені құрады. Бір жыл бұрын оның көлемі 3,2 трлн теңге болған еді», - деп атап өтеді басылым.

Кірістің келесі ауқымды бөлігін трасферттер құрайды. Оның есебінен еліміздің бюджеті 1,4 трлн теңгеге ұлғайды. Ал салықтық емес түсімдер мен негізгі капиталды сатудан түскен түсімдердің жалпы көлемі 150,6 млрд теңгеге жетті.

«Соңғы 5 жылда  мемлекеттік бюджет түсімдері (қаңтар-маусым)  2,1 трлн теңгеге немесе 66,8 пайызға артты. Бұл ретте ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығы соңғы 5 жылдың ішіндегі ең кірісті кезең болып отыр. 6 айдағы мемлекеттік бюджеттің орташа кірісі 8,8 пайыздық қарқынмен тұрақты өсіп келеді», - делінген хабарламада.

Салық түсімдері құрылымындағы негізгі кіріс көздері - тауларлар, жұмыстар мен қызметтерге арналған ішкі салықтар. Ол жыл басынан бергі  алты айдың ішінде 1,4 трлн теңгені құрады. Табыс салығының түсімі 1,2 трлн теңге болды. Бұл осыдан бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 6,5 пайызға артық. Бұл кәсіпорындар мен қызметкерлердің табысы өскендігін көрсетеді.

Халықаралық сауда мен ішкі операциялардың жиынтық салығы 619,4 млрд теңгені (бір жыл бұрын 529,7 млрд теңге болған еді) құрады.