22 мам, 2019 сағат 11:05

"Елімізде валюталық саясат тұрақты" - Досаев

Қазақстанда ақша-несиелік саясат, валюталық саясат тұрақты. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде  тілшілер сауалына жауап берген Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қазіргі бағамдық валюталық саясат бүгінде орын алып отырған өзгерістерге сай келеді. Инфляциялық таргеттеу саясаты елде толық көлемде жүзеге асырылуда», - деп тоқталды ҰБ басшысы девальвацияға қатысты тараған қауесет бойынша тілшілер сауалына жауап бере отырып.

Оның пайымынша инфляция бойынша төрт айдың нәтижесі бұл көрсеткіштің қажетті дәлізде тұрғанын байқатып отыр.  

«Елімізде ақша-несиелік саясат, валюталық саясат тұрақты. Девальвация бола ма, болмай ма, оны талқылауға зауқым жоқ, ол жағын әлеуметтік желілерге қалдырдым. Мен өз жұмысымды істеуім керек. Ұлттық банк өз саясаты арқылы азаматтар мен бизнестің сенімін қайтарады. Егер саясат нарық жағдайына сәйкес келсе, бәрі жақсы болады деген сөз", - деді ол мәжіліс кулуарында.

Досаев елімізде инфляциялық таргеттеу саясаты толық көлемде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

"Әлеуметтік желілер адамдардың өз пікірін айтуға, талқылауға деген мүмкіндіктерін кеңейтті. Бірақ қауесет әр заманда да болған", - деді ол.

Бұған дейін Досаевтың орынбасары Олег Смоляков та девальвацияға қатысты пікір білдіріп, президент сайлауынан кейін теңге бағамы күрт құбылмайтынын мәлімдеген еді.

Айта кетейік, биылғы жылғы сәуірде айлық инфляция 0,5 пайызды құрады. 

Жылдық инфляция 2019 жылға арналған 4-6 пайыздық нысаналы дәліз шегінде тұрақталды және сәуір айының қорытындысы бойынша 4,9 пайыз деңгейінде қалыптасты.