23 мау, 2017 сағат 09:22

Елімізде шетелдегі қандастарға көмек көрсету үшін арнайы қор құрылады

Шетелдегі және елге көшіп келген ағайындарды қолдау үшін Отандастар қоры құрылады. Бұл туралы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Baq.kz порталына сілтеме жасап.

«Қандастарға мемлекет пен қоғам тарапынан жан-жақты қолдау, көмек жасау үшін мынандай жұмыстарды қолға алайық. Біріншіден, шетелдегі және елге көшіп келген ағайындарды қолдау үшін «Отандастар» деген қор құрамыз. Мен оны Үкіметке тапсыратын боламын», - деді ол.

Сонымен қатар Қазақстан президенті елімізде бай азаматтардың қатары көбейгенін атап өтті.

«Дегенмен өздеріңіз білесіздер, 25 жылдың ішінде экономиканың өркендеп өсуіне байланысты, жүргізіп отырған саясатқа байланысты біраз азаматтар белгілі, бай болды. Қазір Қазақстанда бай, қалталы азаматтар жеткілікті. Олар жұмыс істеуде. Енді біз қуатты елге айналуға ұмтылып жатырмыз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.