11 шіл, 2017 сағат 09:08

Елiмiзде дәрi-дәрмектiң шектi бағасы бекiтiлмек

Елiмiзде дәрi-дәрмектiң шекті бағасы бекiтiледi. Шектi баға жүйесi қабылданған Болгарияда дәрi бағасы елiмiздегi бағадан 45 пайызға арзан. Бұл жайында Үкiмет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрi Елжан Бiртанов айтты, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

«Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында биыл жыл соңына дейiн барлық дәрi-дәрмек өнiмдерiнiң бағасын реттеу туралы тапсырма берген болатын. Министрлiк ұлттық дәрiлiк саясатты жүзеге асыру бойынша жоспар әзiрледi. Бүгiнгi кезде препаратқа еш бақылаусыз баға қою жүйесi қалыптасқан. Бұған өндiрушiлердiң дәрiге кез келген бағаны белгiлеуi дәлел. Сондай-ақ, дәрiханалар сол препараттарға қалағанынша баға қосуға құқылы. Осының салдарынан бiр қаладағы дәрiханалардағы дәрi бағасының айырмашылығы 20 пайызға жетуi мүмкiн. Ал нарықта дәрiлердiң жетiспеушiлiгi байқалса, қосылған баға көлемi 200 пайызға дейiн жетедi. Мысалы, шектi баға жүйесi бекiтiлген Болгарияда дәрiлiк заттардың бағасы елiмiздегi бағадан 45 пайызға арзан», - дедi Бiртанов.

Министр дәрi бағасын басқа елдердегi бағалармен салыстыру керектiгiн және шектi бағаны бекiту қажеттiгiн айтты. Сондай-ақ, Бiртанов дәрi-дәрмек бағасын реттеу туралы заң жобасын уақыттың тығыздығы мен әлеуметтiк маңызына қарай биыл емес, келесi жылдың басынан күшiне енгiзудi қарастыруды сұрады.

«Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев дәрiлiк заттармен қамтамасыз ету бағдарламасын тереңiрек зерттеу керектiгiн айтты. Өз кезегiнде ҚР Премьер-министрi Бақытжан Сағынтаев бұл мәселенiң өте сезiмтал екенiн атап, дегенмен заң жобасының парламентке қыркүйек айында жолданатынын жеткiздi. Сондықтан 1,5 айда талқылап, келiсiп, үлкен жұмыс атқарып үлгеру керектiгiн баса айтты. Сондай-ақ, Сағынтаев министрге өңiрлерге дәрi-дәрмектiң уақытылы жеткiзiлуiн қамтамасыз ететiн механизмдi дұрыс әзiрлеудi тапсырды.

Және де 1 шiлдеден бастап елiмiзде медициналық сақтандыру жүйесiнiң енгiзiлгенi мәлiм. Ол үшiн бүкiл Қазақстан бойынша ақпараттық жүйенi дамыту керек.

«Бүгiнгi таңда республика бойынша денсаулық сақтау ұйымдарының компьютерлiк техникамен жабдықталуы орта есеппен 74 пайызды құрап отыр. 2017 жылдың басында көрсеткiш 34,3 пайызды құраған едi», - дедi Бiртанов.

Бақытжан Сағынтаев облыс басшыларына медициналық мекемелердiң компьютермен және интернетпен қамтамасыз етiлуiн бақылауда ұстауды тапсырды.