20 мам, 2019 сағат 08:38

Электрондық еңбек биржасы арқылы 135 мыңнан астам қазақстандық жұмыс тапты

 

17 мамыр «Цифрландыру» күніне орай «Astana Hub» орталығында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сандық трансформациясы талқыланды.

Іс-шараға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев және ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев, ҚР Қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаев, сондай-ақ бизнес өкілдері қатысты.

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап республикадағы алғашқы сандық платформа және ең ірі бос жұмыс орындары мен республика бойынша  резюмелер – электронды еңбек биржасы жұмыс істейді. Бастама қолға алынған күннен бастап биржада 985 мың бос жұмыс орны және 732 мың резюме орналастырылған. Сондай-ақ, еңбек биржасының көмегімен 2019 жылдың басынан бері 135 мыңнан астам азамат жұмысқа орналасты. Биылғы жылы осы жүйенің одан әрі дамуы үшін құрылған жұмыс орындарының картасын енгізу, онлайн оқыту, виртуалды консультантты енгізу және тағы басқа жұмыстар жоспарланып отыр.

Іс-шараны ашқан Б.Сапарбаев цифрландыру әлеуметтік-еңбек саласын жаңғыртудың басты факторларының бірі екендігін атап өтті.

«Сандық технологиялар әлеуметтік көмек көрсетудің маңызды құралы. Әрбір тағайындалған жәрдемақының, жұмысқа орналасушының және мемлекеттік қызметтің артында  министрліктің ақпараттық жүйесінің үлкен жұмысы тұр. Цифрландырудың негізгі мақсаты – әкімшілік рәсімдерді жеңілдету, азаматтарды  мемлекеттік қызметтердің барынша ашықтығымен және қолжетімділігімен қамтамасыз ету», - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Электронды және белсенді мемлекеттік қызметтердің нәтижесінде 2018 жылы шамамен 939 млн. теңге экономикалық тұрғыда тиімді болған. Сондай-ақ, қызмет көрсетушілер мен азаматтар шамамен 340 мың күн уақытты үнемдеген. Жиын барысында қатысушылар, іскерлік орта өкілдері және шенді тұлғалар  арасында қызу пікір алмасу болды.