15 там, 2018 сағат 14:57

«Электронды күнделіктің» артықшылығы мен кемшілігі қандай?

Жылдан-жылға емес, күннен-күнге дамып жатқан озық технологиядан озу үшін адамзаттың өзі қалай даму керек? Қазір «көз көрмей, құлақ естімегеннің» емес, «айшылық алыс жерлерден, жылдам хабар алғызып, тастан сарай салғызатындардың» заманы. Елбасының «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт XXI ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек» деген сөзін басты назарға алып, елімізде  «Цифрлы Қазақстан» жобасы қолға алынды. Осы «Цифрлы Қазақстан» жобасының аясында еліміздің барлық мектептерінде Kundelik.kz бағдарламасы іске қосылды. 2016 жылы жасалған Kundelik.kz жобасы 2018 жылдан бастап қолданысқа енгізілді. «11 жылда өзін-өзі ақтап шығады» деп сенім білдірген жобаның бас директоры Мұқтар Ілиясов инвесторлардың жаңа жоба жасағандары үшін мемлекеттен ешқандай ақша алмағандарын атап көрсетті. «Мұғалім – оқушы – ата-ана» пирамадалық құрылымы бойынша жұмыс жасайтын жобаның оңдылығы мен олқылығы қандай? Осы тақырып төңірегінде пирамадалық тізбек бойынша сауалнама жүргіздік.

1. Бүгінде «Электронды күнделік» жүйесі жұмыс жасау үстінде. Бұл бастама қаншалықты сәтті жүзеге асып жатыр? Негізгі мақсаттары мен міндеттері туралы кеңірек айтып берсеңіз.

2. Интернет арқылы жүзеге асатын жоба бүкіл аймақты қамту керек. Бірақ кей ауылдарда интернет желісінің тартылмағандығынан не әлсіздігінен жоба әлі қолданысқа енген жоқ.  Бұл – бір.  Жобаның негізгі мақсаттарының бірі – мұғалімдерді қағазбастылықтан «құтқару». Десе де, мұғалімдер Күнделікпен қоса оқу табелін толтырып жүр. Бұл – екі. Мұндай парадокстардың шығу себебі не, шешу жолы қандай?

Арман Жүнісов,

ҚР Білім және Ғылым министрлігінің баспасөз хатшысы:

- Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын орындау мақсатында, білім беру жүйесінде мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту шеңберінде, Министрлік білім беру жүйесінде инфо-коммуникациялық инфрақұрылымын жаңғыртуды, осы саладағы мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру және автоматтандыруды, сондай-ақ мектеп құжаттарының электрондық форматқа ауыстыруын, яғни электрондық журналдар мен күнделіктер жүйесін енгізуді қамтитын цифрлық технологияларды пайдалану арқылы білім беру процесін жетілдіру үшін бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылуда. 

Ағымдағы жылдың 26 қаңтарыңда «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіпке сәйкес «Қазақстан Республикасында «Күнделік» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін құру, енгізу және жұмыс істеуін қамтамасыз ету» республикалық жобасы бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты жасалды.

Жобаның мақсаты – Қазақстан Республикасындағы білім процесінің барлық қатысушылары үшін электрондық білім беру технологияларына тең қол жеткізуін қамтамасыз ету, оның бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін білім беру сапасын арттыру, сондай-ақ жалпы білім беру ұйымдары мен орта білімді басқару органдарының білім беру, тәрбие және басқарушылық қызметтерінің функциялары мен процестерін автоматтандыру арқылы Қазақстан Республикасының жалпы білім беру ұйымдары оқушыларының оқу жетістіктерін есепке алу жүйесін жетілдіру болып табылады.

Kundelik.kz жобасын іске асыру нәтижесінде мынадай жетістіктерге қол жеткізіледі:

Мемлекет үшін:

– білім саласындағы жаңа басқару әдістерінің пайда болуы;

– бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыру;

– білім беру саласының қолжетімділігін, сапасын арттыру.

Ата-аналар үшін:

– ата-анасының баланың оқу процесіне қатысуы;

– баланың жетістіктері туралы қашықтықтан хабардар ету арқылы
ата-аналарға тиімді жағдай жасалуы;

Мұғалімдер мен мектеп әкімшілігі үшін:

– оқушылардың үлгерім журналдары мен күнделіктерін тұрақты электронды түрдегі жүргізуге көшу;

– білім беру ұйымында білім беру қызметін бақылаудың жаңа құралдарының пайда болуы.

Оқушылар үшін:

– Ауыл мен қала оқушыларына сапалы білімге тең қол жеткізу;

– білім беру ресурстары мен технологияларына тең қол жеткізу;

– коммуникативті және кәсіби құзыреттілікті дамыту.

Жобаны іске асыруда мемлекеттік әріптес тарапынан қаржы қарастырылмаған. Білім алушыларға, ата-аналарға, мұғалімдерге қажетті қатысу, бағалау, үй тапсырмалары, күнтізбелік сабақ жоспарлары бойынша негізгі функционал тегін болып келеді.

2. Қағаздан электрондық форматқа көшу уақытты талап етеді. Ауысу кезең-кезеңмен, мектептерді кеңжолақты Интернетке қолжетімділікті және компьютерлік сыныптар қамтамасыз етумен жүзеге асырылады.

Мектеп құжаттарын жүргізу «Білім беру ұйымдары білім беру қызметінде пайдаланатын қатаң есептіліктегі құжаттардың нысанын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің міндетін атқарушының 2007 жылғы 23 қазандағы № 502 бұйрығымен реттеледі. Мектеп құжаттамасының қағаз тасымалдағышта қайталануын болдырмау үшін Министрлік жоғарыда аталған бұйрыққа өзгерістер енгізді. Бұйрыққа сәйкес білім беру ұйымы электрондық жүйеге қосылған жағдайда тек қана электрондық форматта толтырылады, оны қағаз нұсқасында толтыруға жол берілмейді. Бұл процесс бірден болмайды. Әртүрлі этаптардан өткеннен кейін, мектеп толық деңгейде Интернетпен қамтамасыз етілгеннен кейін ғана «қағазбастылық» жойылады.

Kundelik.kz жобасынан бұрын қазіргі білім беру жүйесі жаңа форматқа ауысты. Оған латын әрпіне көшу мәселесін де кірістірейік. Мұғалімдерге осы күнделік жобасының қосар үлесі, тигізер пайдасы қандай?

Махмутова Гүлсая,

Астана қаласындағы 51 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

- Жаһандануға байланысты біздің елімізде де оқу форматы жаңаланып жатыр. Бұл қуанатын жағдай. Енгізіліп жатқан бұл жоба мұғалімдерге таптырмас құрал десек болады. Себебі, ғаламтор озған заманда мұғалімдеріміз озық теxнологиямен жұмыс істеуі керек. Мектебіміз бір айдың шамасында бағдарламаны толық меңгеріп, жұмыс жасауда. Бұл бағдарлама толыққанды белең алу үшін күшті қарқынмен жұмыс істейтін ғаламтор желісімен қамтылу тиіс деп ойлаймын. Kundelik.kz жобасы мұғалімдерге артылар күшті жеңілдетеді. Мысалы, тоқсандық баға шығарар кезде автоматты түрде қорытынды бағалар шығып тұрады. Әр баланың бағасы процент арқылы көрініп тұрады. Оны мұғалім де, ата-ана да, оқушының өзі де көріп отырады. Осы арқылы сабағын дұрыстауға тырысады. Мұғалім ескертпей-ақ, оқушы өз үлгерімін жақсартуды өзі қолға алады. Бұның өзі мұғалім үшін көмек һәм қуаныш.

Қуанышқалиев Мэлс,

Астана қаласындағы 64 мектеп-лицейінің Қазақстан тарихы пәнінің мұғалімі:

- Kundelik.kz жобасының мұғалімдерге тигізер үлесі туралы айтар болсақ, бұл заман талабы. Неліктен? Себебі, қарап отырсақ, бағдарламаның мұғалім-оқушы-ата-ана арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға тигізер үлесі өте зор. Бұл электрондық журнал арқылы мұғалімдердің тез бағалауға, ал қойылған бағаны ата-ана мен оқушының сол мезетте көруге мүмкіндігі бар. Ата-ана басқа қалада жүрсе де, кез келген уақытта мектепке келмей-ақ өз баласының білім деңгейінің қандай екенін бақылап отыра алады. Осыған қарап уақыт жағынан тиімді екенін айтқанымыз жөн. Бастапқыда бұл бағдарламаға мұғалімдер тарапынан қарсылықтар болды. Себебі мектеп мұғалімдері электронды журналды да, қағаз журналды да қатар толтырып жүрді. Қазір бірте-бірте электронды журналға көшіп жатқандықтан, бағдарламаның тиімді екенін көріп отырмыз. Мұғалімдерді қағазбастылықтан «құтқару» да осы бағдарламаның негізгі мақсаттарының бірі болса керек. Уақыт жағынан, сапасы жағынан да қолайлы бағдарлама заманға талабына сай цифрлы жүйеге көшіп жатқандықтан, мұғалім үшін де, оқушы мен ата-ана үшін де керек деп есептеймін.

Оқушыларға:

1. Kundelik.kz жобасының енгізілуінің оқушылар үшін артықшылығы қандай?

2. Мектеп оқушыларының өзін-өзі дамытуына бұл жоба қаншалықты әсер етеді?

3. Ата-ана тарапынан бақыланатын жобаға қарсылықтарың жоқ па?

Нұрлыхан Қасымханұлы, 

Түркістан облысы Бәйдібек ауданы Сарыбұлақ ауылы,

Сарыбұлақ орта мектебінің 11 сынып оқушысы:

- Маған Kundelik.kz жобасы ұнайды. Біріншіден, ХХI ғасыр – компьютерлік сауаттылықтың ғасыры. Жобада барлық мүмкіндіктер қарастырылған, құрастырушылар мұғалім, ата-ана мен балалардың орнына өздерін қойып кез-келген сұрақ төңірегінде ізденіс жасаған.

Екіншіден, барлық ата-ана балаларының күнделігін ашып қарамайды. Тіпті олардан үйге «не берді?» деп те сұрамауы мүмкін. Қазіргі уақытта көп адамдар ғаламторға байланып отыр. Инстаграмда, фейсбукта отырған уақытта, осы сайтты бір қарап қойса баласының үлгерімі жақсарары сөзсіз. Тіптен хат алмасу, талқылау бәрі қамтылған.

Енді кері жағына келер болсам, біріншіден, біз сайтқа тіркелу үшін телефон, болмаса компьютер және жылдамдығы өте жоғары интернет керек. Ал мұндай жағдай жасауға көп адамның қалтасы көтермейді не тұрғылықты жерінде интернет желісі төмен болады.

Екіншіден, интернетпен тікелей байланысты болғандықтан, компьютеріміз бен телефонымызда міндетті түрде радиация болады. Бұл адамға зиян. Экраннан бөлінген сәулелер денсаулыққа кері әсер беріп, көз жанарын құртуға алып келеді, ал қазіргі адамдар көзәйнек таққысы келмейді.

Үшіншіден, оқушыға күнделіктен бұрын вк, инстаграм сияқты әлеуметтік желілер маңызды. Сайтқа олар күнде кіреді деп айта алмаймын. Ата-ана ше? Олар жұмыстан шаршап келеді. Бір күні болмаса, бір күні «қойшы осыны» деп сөйлеуі де мүмкін. Осы жағдайлар айналып келіп мұғалімнің басына түсетіні белгілі. Мұғалім болса ата-ана, оқушысының логин, құпия сөзін жазып алып бәрін өзі жасап шығады. 

Құрманғалиева  Ақжүніс  Медетқызы,

Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы, Сарыкөл ауылы, Абай атындағы ЖОББМ­нің 9-сынып оқушысы:

- ХХІ ғасыр ақпараттық технологиялардың дамыған заманы. Білім саласында да көптеген жаңалықтар болуда. Солардың бірі 2017 жылдан бастап, Қазақстандағы әрбір мектепте «Kundelik.kz» деп аталатын электронды журнал енгізілді. 

Бұл  электронды журналдың артықшылықтары ата­ана үйінде отырып-ақ, балаларының сабақтан қандай баға алғанын, үй тапсырмасын, өткен тақырыптарын, қорытынды бағаларын қарай алады. Күнделік ­ оқушының басты  құжаты. Бұл мектептің ата­анамен байланыс жасау құралы десек те артық емес. Күнделікті ата­ана баласының сабақтағы үлгерімін қадағалап отырады, бұл жаңалықты енгізуге ата­аналар қуана қабылдауы қажет.

«Kundelik.kz» электронды журналын пайдалы деп санаймын. Өйткені жеке логин мен парольды жазып әр оқушы өз бағаларымызды осы журналдан көре аламыз.

Электронды күнделікті пайдалану үшін бізгі ең біріншіден ғаламтор желісі қажет. Алайда еліміздегі кейбір ауыл-аймақтар толықтай ғаламтор желісіне қосылмаған. Сондықтан бұл оқушылар мен ата­аналарға қиындық туғызады.

«Kundelik.kz» жобасына еліміздегі барлық мектептер толықтай  қосылу үшін әрбір ауыл­аймақта ғаламтор желісі қондырылуы тиіс деп ойлаймын.

Алмас Борис Атабекұлы,

Атырау облысы, Атырау қаласы, Құрманғазы селосы, Фариза Оңғарсынова атындағы орта мектебінің 9-сынып оқушысы:

- Бүгінгі таңда əлеуметтік инновациялық жоба Kudelik.kz-ті барлық білім беру ошақтары түгелдей қолданады. Бұл жобаны белсенді пайдаланатындардың арасында өзімнің мектебімді де атағым келеді. «Ақылды сайтты» тез игеріп алдық. Kundelik.kz сайтын қолдану өтең оңай, əрі біздей оқушылар үшін ыңғайлы. Аталмыш сайттың оқушыларға тигізген үлесі ауқымды. Жобаны құрастырған мамандар Қазақстан білім беру ісіне  азаматтық көмегін берді. Kundelik.kz сайты қағаз күнделіктің міндеттерін оңай шешеді және басқа да мүмкіндіктер береді: кесте, үй тапсырмалары, барлық қойылған бағалар, сабақ барысында пайдаланылатын материалдар, орташа балл, өткізілген және келешектегі сабақтардың тақырыптары, мұғалімнің түсініктемелері. Оқушылар мен мұғалімдердің жұмыстарын жеңілдетті.

Kundelik.kz оқушылардың əлеуметтік желісі секілді. Ол жерде оқушылар арасында топтар ашып өзіміздің керекті мəселелерімізді тез шешеміз. Біз бір тақырыпты түсінбеген жағдайда мұғалімге онлайн режимде жаза аламыз. Ол кісі өзіне ыңғайлы кезде хабарламаны оқып, жауап бере алады. Бұл біз үшін өте тиімді. Үй тапсырмасы берілгеннен кейін сайтта барлығы көрініп тұрады. Мұғалім ол тапсырманы оқушы орындап жатқандығынан хабардар болады.

Kundelik.kz сайты арқылы басқа мектеп оқушыларымен хабар алмасу, өз мектебіңнің тақырыптық үйірмелерін өздігінен жүргізу немесе оларға қатысу, сыныптың іс-шаралары мен жаңалықтарын талқылауда бəрі оңай атқарылады. Оқушы сайт арқылы барлық мағлұматты алады.

Kudelik.kz сайтын ата-ана, оқушы да тегін пайдаланады. Әсіресе, ата-аналар үшін өте тиімді. Себебі, қазір 21 ғасырға байланысты ата-анамыз көбіне жұмыстан қолы тимей жатады. Мектепке баруға бос уақыты болмайды. Яғни, оқушының үлгерімін бір аптада өзгертеді деп ойлаймын. Ата-ана бұл сайтта баласының тəрбиесін, оқу үлгерімін, мұғалімдердің оқушыға жазған ескертулерін қарай алады. Бұл сайттың басты мақсаты – ата-ана мен мұғалім арасындағы қарым-қатынасты жақсарту.

Ата-аналарға:

1. Kundelik.kz үш жақты жобасына ата-аналардың қандай алып-қосары бар?

2. Осы бағдарлама қолданысқа енгеннен бері балаларыңыздан оң өзгеріс байқала ма?

Баян Оспанова, ата-ана:

- Ата-аналар күнделікті өз баласының оқуына назар аударып, күнделікті Kundelik.kz-ке кіріп, бағаларын қарап, өздерімізге жазған пікірлерді оқып тұрсақ жақсы болар еді. Бірақ әлі толық деңгейде таралмағандықтан шығар, ата-аналар белсенді емес.

Ал екінші сұрақ бойынша айтарым, оқушылардан сәл де алға ілгерушілік байқалады. Кейбір белсенді оқушылар Kundelik.kz-ке кіріп, өз жетістіктерін жариялап жатады. Десе де көп үйде əлі де интернет немесе компьютер, телефон жоқтығына байланысты оқушылар мен ата-аналардың Kundelik.kz-ті пайдалану деңгейі төмендеу. Алдымыздағы оқу жылында оқушылар мен ата аналар белсендірек болады деп ойлаймын.

Айнаш Досымова, ата-ана:

- Интернет желісі жақсы істеп тұрса, Kundelik.kz жобасының пайдасы зор. Бұл ата-анаға да, оқушыға да, мұғалімге де қолайлы. Мысалы, біздер күнделікті мектепке бара бермейміз, сондықтан күнделікті үйден балалардың сабақ үлгерімін қарап отырамыз. Біз қадағалап отырғасын бала да өзгеріс болады. Өзім үйдегі баламның «мына сабақтан мынадай баға алдым, мына сабақтың бағалары таласып тұр, тоқсанның аяғына дейін бағамды дұрыстауым керек» деп өзінің үлгеріміне өзі тұжырып жасайтынын байқадым. Ауылымызда интернет желісі жақсы жұмыс тұрса, Kundelik.kz-тің мұғалімге де, ата-анаға да, оқушыға да пайдасы болмаса, келтірер еш кедергісі жоқ.

P.S. Іске асырылып жатқан Kundelik.kz жобасы толықтай жүйеге енгізілген кезде оқушыға, ата-анаға, әсіресе мұғалімдерге өте тиімді дүние болмақ. Білім берушіге де, білім алушыға да ыңғайлы бұл жоба арқылы білім беру және білім алу сапасы да жақсарады. Дүйім халыққа тиімді жоба – мемлекеттің дамуына өз әсерін тигізер бірден-бір маңызды факторға айналмақ. Осы Kundelik.kz-ті уақытылы, дұрыс пайдалану – біздің тарапқа қайылатын міндет.

Сансызбек Жаңабай