10 шіл, 2018 сағат 09:57

Елді шулатқан Алматыдағы алып тиін 23 миллион теңге тұрады (Видео)

Алматыдағы алып "Тиін" арт-нысанын жасап шығарғандар оның құны туралы айтты. Дүйсенбі күні 12 метрлік мүсіннің тұсаукесері өткен – ол "Атакент" іскерлік ынтымақтастық орталығы алдындағы алаңға орнатылды, деп хабарлайды sputniknews.kz.

"Тиіннің құны 23 миллион теңге (66,5 мың доллардан астам) — 15 миллионы мемлекет тарапынан жұмсалды, қалған 8 миллион — Funk", — деді  Funk креативті агенттігінің басшысы Майра Измаилова. Оның айтуынша, шығынды агенттік пен қала бюджеті бөліп төлеген.

Барлығы 16 арт-нысанның бағасы 78 миллион теңге болып шықты.

"Осындай жағымды нәтиже бері жатқанына қуанамыз. Дайын үлгілерді ала салмай, жергілікті дизайнерлер арасында конкурс өткізгеніміз жақсы болды", — деді мәдениет басқармасы басшының орынбасары Нәйла Мүлікова.

Тиінді жасап шығарушылардың бірі Мариус Янсен Ван Вуурен арт-нысанға қанша сабан мен металл кеткенін айтып берді.

"Мүсіннің жалпы биіктігі 12 метрдей. Жасап шығару үшін 7 тонна металл, 3,5-4 тонна ағаш жұмсадық. Сонша мөлшерде сабан кетті. Барлық бөлшектерін қос есептегенде шамамен салмағы 12-13 тонна", — деді ол.

Тиіннің мүсінін жасауға тоғыз ай кеткен көрінеді.

"Жағдайы не болатынын көреміз. Барлық жануар сияқты ол да өзгереді", — дейді британдық суретші, арт-нысанның авторы Алекс Ринслер.