11 қаз, 2017 сағат 23:39

Назарбаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің арнаулы кездесуін өткізуді ұсынды

Мемлекет басшысы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты, деп хабарлады "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Кеңеске Армения Республикасының Президенті С.Саргсян, Беларусь Республикасының Президенті А.Лукашенко, Молдова Республикасының Президенті И.Додон, Ресей Федерациясының Президенті В.Путин, сондай-ақ Қырғыз Республикасының Премьер-Министрі С.Исаков пен Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Т.Саркисян да қатысты.


Отырыста мемлекеттер басшылары Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы өзара іс-қимылдың және экономикалық одақты одан әрі дамытудың бірқатар өзекті мәселелерін талқылап, Еуразиялық экономикалық комиссияның есебін тыңдады.

Келіссөздер барысында Еуразиялық экономикалық одақтың қызметі мүше елдердің экономикасына оң әсер етіп отырғаны және интеграциялық үдерістерді күшейтудің маңыздылығы атап өтілді.

Нұрсұлтан Назарбаев жиында қабылданған Еуразиялық экономикалық одақтың цифрлық күн тәртібін іске асырудың негізгі бағыттарының маңызды екенін айтты.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті 2018 жылы одаққа мүше елдердің экономикасын цифрландыру жөнінде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің арнаулы кездесуін өткізуді ұсынды.

Соңында тараптар қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы ынтымақтастықты бұдан да жоғары деңгейге көтеруге мүмкіндік беретініне сенім білдірді.