03 мау, 2020 сағат 14:29

«Елбасы медалі» бағдарламасы жастарды дамытуға бағытталады - Әнуар Жанғозин

«Елбасы Академиясы» КҚ директорының орынбасары Әнуар Жанғозин «Елбасы медалі» ауқымды жобасы туралы түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еліміздегі жастарды қолдау мақсатында «El Úmiti» бастамасын ұсынды. Қазіргі таңда Тұңғыш Президент Қоры мен Елбасы Академиясы осы бастама аясында жарияланған жобаларды жүзеге асыру бойынша белсенді жұмыстар жасап келеді. Бүгін міне «Ел Үміті» бастамасы аясында іске асатын Елбасы медалі ауқымды жобасын бастағалы отырмыз. Бағдарламаның негізгі символы - табыстың 7 жебесін білдіреді. Осы жеті бағыт бойынша бағдарламаны аяқтау жеке тұлғаның жан-жақты үйлесімді дамуына ықпал етеді.

Бағыттарды атап өтетін болсақ, олар - «Спорт және дене шынықтыру», «Кітап оқу», «Дарын мен дағды», «Ұлттық мұра», «Еріктілік», «Туристік саяхаттар» және «Еңбек тәжірибесі». Жобаның басты мақсаты - 14 пен 29 жас аралығындағы қазақстандықтарға өзін жетілдіруге жаңа серпін беру, даму жолында барынша қолдау көрсету», - деді Ә. Жанғозин Орталық коммуникациялар қызметінде.

Осы орайда ол жас ерекшелігі бойынша сай келетін, тұратын жері мен әлеуметтік мәртебесіне қарамастан кез келген адам қатыса алатынын айтты. Бағдарлама бірінші кезекте қатысушының өзін-өзі жетілдіруден өтуін көздейді, ол дегеніміз физикалық жағдайын жақсартып, дағдысын дамыта отырып, айналасындағы жандарға көмегін тигізу. Челлендж форматында ұйымдастырылған бағдарламаны іске асыру үшін еліміздің барлық облыстары мен қалаларында өңірлік ресурстық орталықтар мен тәлімгерлердің желісі құрылды. Бұл жобаның әрбір қатысушысына әдістемелік қолдау беру мақсатында жасалып отыр.

«Бағдарламаның артықшылықтарына келетін болсақ, біріншіден, қатысушыларға берілетін таңдау құқығы. Бекітілген 7 бағыт аясында кез келген саланы таңдап, өзін жетілдіру процесін бастай беруге болады. Екіншіден, бағдарлама қазіргі таңда ата-аналар үшін уайымға айналған баланың бос уақытын ұйымдастыру жөніндегі сұрақтарды күн тәртібінен алып тастайды. Челленджге қатысқан жастар виртуалды әлемнен табысқа жетелейтін ортаға көшеді. Мысалы, денсаулығына көбірек көңіл бөліп, кітап оқып, интеллектуалды және шығармашылық тұрғыда дамиды. Оған қоса жастар бойындағы эмпатия сезімін дамытуға, ұлттық мұраны насихаттауға арналған бағыттар да кездеседі», - деп түсіндірді Жанғозин.

Сонымен қатар ол бағдарламаға қатысу тегін екенін жеткізді.

«Сондықтан жоба қазақстандықтар үшін, әсіресе карантиннен шаршап жүрген жастар үшін жақсы мотивацияға айналады деп сенеміз. Тағы да қайталап өтейін, бағдарламаға еліміздің кез келген аймағынан жасөспірімдер мен жастар қатыса алады. Яғни, шалғай елді мекендерді де қамтитын боламыз. Елбасы медалі бағдарламасынан сәтті өткен жастарды патриоттық танытқаны және белсенді азаматтық ұстанымы үшін ерекшелік белгісімен наградтау көзделген. Көрсетілген нәтижелер негізінде бағдарлама қатысушылары алтын, күміс және қола медальдармен марапатталады. Әр деңгейде қойылатын талаптар бар. Қола деңгейге жету үшін 6 ай, күміске 12 ай және алтын деңгейге жету үшін 18 ай қажет», - деді Әнуар Жанғозин.

Белгілі болғандай, бағдарламаға қатысу үшін me.fpp.kz сайтында алдымыздағы екі аптаның ішінде тіркелу қажет. Бүгінде қызығушылық танытып, алдын ала тіркеуден өткен қатысушылар саны 6 мыңнан асып отыр.