03 нау, 2017 сағат 07:46

Елбасы Конституцияның 26-бабын кейінге шегере тұруды ұсынды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Конституцияның 26-бабын кейінге шегере тұру қажет деп санайды. Бұл туралы ол Астанада өтіп жатқан Парламент палаталарының біріккен отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысы Конституцияның 26-бабын өзгеріссіз қалдыруды ұсынғанын тағы бір мәрте еске салып: «Негізі, «Қазақстан азаматтарының» орнына «әркім» деген өзгерісті енгізуді заңгерлер қауымы толығымен қолдады. Себебі соның арқасында елімізге инвестицияны көбірек тартуға мүмкіндік бар. Инвесторлардың сенімі де арта түседі. Дегенмен, асығыстық жасамай-ақ қоялық. Бізге консенсус керек. Осыны кеңінен түсіндіру қажет. Бәрібір біз оған келеміз. Жер мәселесінде де ондай болады. Өйткені иесіз жер тозады. Оның құнарлығы жоғалады. Сондықтан күндердің күнінде оны түсінімуіміз керек. «Иесі жоқ жер жетім» деген қазақтың сөзі бар. Талай рет көргенбіз, қурай өсіп, жердің тозып кеткенін. Бұл бапты кейінге шегере тұрайық»,-деді Нұрсұлтан Назарбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында. Президент заңды жолмен иеленген кез келген жеке меншіктің Конституциямен қорғалатынына баса назар аударды.

Айта кетсек, 1 наурыз күні Мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі жұмыс тобының отырысына қатысқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Конституцияның 26-бабына өзгеріс енгізбеуді ұсынған болатын.