18 қыр, 2017 сағат 11:35

Мемлекет басшысы «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығындағы Достық үйіне барды

Мемлекет басшысы Жамбыл облысындағы жұмыс сапары аясында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы орналасқан «Достық үйінің» жаңа ғимаратын аралап көрді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Нұрсұлтан Назарбаев Жамбыл облысының этномәдени бірлестіктерінің өкілдерімен әңгімелесті.

– Мен сіздерге Өзбекстан мен Түрікменстанға сапарларымнан соң келіп отырмын. Біздің кездесулеріміз бен уағдаластықтарымыздың нәтижесінде осыған дейін болған кедергілердің барлығы алынып тасталды. Бүгінде жақын көршілерімізбен тиімді ынтымақтасу үшін барлық жағдай жасалған, – деді Қазақстан Президенті.

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының өзекті тұстарына ерекше тоқталды.

– Санамызды жаңғырту – қоғам үшін қай кездегіден өткір мәселе болып тұр. Ақпараттық-цифрлық заманда бір орында тұруға болмайды, бүгінгі талаптар мен жағдайға сәйкес жетіліп, өзгеріп отыру қажет. Адамдармен бірге бүкіл қоғам да бәсекеге қабілетті болуға тиіс, – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының бірегейлігіне және мемлекеттік тіліміздің латын әліпбиіне көшуінің маңыздылығына назар аударды.

– Мен тұрақтылық пен халқымыздың бірлігі дамуымыздың кепілі болып саналатынын әрдайым айтып жүремін. Латын әліпбиіне өту мәселесін дұрыс түсінген жөн. Тіл халқымызды одан әрі біріктіру үшін жетелеуге тиіс, – деп қорытындылады Қазақстан Президенті.

Соңында Елбасы «Көне Тараз» тарихи-археологиялық саябағының аумағында жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған экспонаттарды көрді.

***

Бүгінде «Достық үйінде» 175 қоғамдық келісім кеңесі, 27 аналар кеңесі, 12 ақсақалдар кеңесі, 12 медиация кабинеті, Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы, ғылыми-сараптамалық топ, қол өнер шеберлерінің клубы және «Ақ желкен» жастар бірлестігі жұмыс істейді.