08 қаз, 2019 сағат 09:13

Елбасы кітапханасының экскурсиялық қызметі тың жобаларды іске қосты

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының ұжымы туристік саладағы «Астана Конвеншн Бюро» өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Кездесуге ішкі туризммен айналысатын компаниялардың экскурсиялық жетекшілері, гид-аудармашылар, қала мектептері мен колледждерінің сыныптан тыс жұмысты ұйымдастырушылары қатысты. Басқосу кезінде Елбасы кітапханасының жаңа экскурсиялық бағдарламалары, тартымды квесттер, «Ұжымымызбен бірге музейге» жобалары таныстырылды.

«Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының алаңында өздеріңізбен осындай еркін форматта кездескеніме қуаныштымын. Дәстүрге айналған бұл кездесуге биыл біз Нұр-Сұлтан қаласының мектептері мен колледждер директорларының тәрбие жөніндегі орынбасарларын да шақырып отырмыз. Себебі, біздің ең көп келушілеріміз – жастар аудиториясы, соның ішінде оқушылар мен студенттер. Сондай-ақ, шетелден келетін туристтер легі де жыл сайын артып келеді», - деді ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов.

 

Кітапхана директорының айтуынша, жалпы Елбасы кітапханасы еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың идеялары мен бастамаларын Қазақстан аумағында ғана емес, шет елдерде ілгерілететін, насихаттайтын ірі ақпараттық-идеологиялық кешен. Осындай күрделі мазмұнды әрі ерекше тәртіптегі нысан екеніне қарамастан, кітапхана және оның музейіне келем деушілерге есік ашық.

«Кітапхана ұйымдастырып жүзеге асыратын барлық іс-шаралар да қатысам деушілерге қолжетімді. Экскурсиялық қызметтен басқа кітапханада ғылыми-тәжірбиелік конференциялар, семинар-тренингтер, лекциялар, сайыстар, кинокөрсетілімдер өткізіледі. Ал экскурсиялық қызмет көрсету жұмысы одан әрі жанданып, жаңа экскурсиялық бағдарламаларын іске қосуда. Себебі елімізде ішкі және сыртқы туризмді дамытуға тың серпін беріп отырған мемлекеттік бағдарламалар бастау алып келеді. Соған орай, сұранысқа ұсыныс дегендей, әрқашан өзіміздің тұрақты да таңдаулы экспозицияларымыз, мерзімі бойынша уақытша делінгенмен, мазмұны жағынан аса маңызды және тартымды көрмелеріміз әрдайым қала тұрғындары мен қонақтарын қуантып келеді», - деді Әмірхан Рахымжанов.

Елбасы кітапханасы осылайша жиынға келген педагогтарға маңызды мәліметтермен бөлісті. Қазақстанның өңір-өңіріндегі кез келген турист, қала тұрғындары мен меймандары Елбасы кітапханасынан Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған тарихи құжаттармен, құнды жазбаларымен, қолданған заттарымен таныса алады.