02 қаз, 2018 сағат 07:58

Елбасы кітапханасы – жасампаз идеялар мекені

Әр жыл сайын ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында білікті мамандар мен дарынды студенттер бас қосады. Биыл «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» тақырыбындағы өткен семинар-тренинг жаңа бастамалар мен тың жобаларға мұрындық болғандай. 

Екі күндік семинар-тренингінің осы жолғы қатысушылары – Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті мен М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері болды.

Дәрістер негізінен Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тұжырымдамалық идеялары мен жаһандық бастамаларын зерттеуге бағытталған. Ұйымдастырушылық жұмыстарда кітапханадағы білікті мамандардың, ғылыми қызметкерлердің атқарған еңбегі шын мәнінде орасан зор екені көрініп тұр. Сонымен қатар, «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері, «Рухани жаңғыру» кеңселік басқармасы «Атамекен» ішкі бағдарламасының бас менеджері Нұрлан Өтешевпен кездесу, философия ғылымдарының докторы, профессор Телебаев Ғазиз Тұрсынбекұлының  мазмұнды дәрістері де мәлімет қорының аясын кеңітті деуге болады. Тренинг, тәжірибелік сабақтар лидерлік қасиеттерді қалыптастырып, жобалық әрі сыни ойлауға дағдылану жайынан мағұлмат берді. Жиын соңында Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов құттықтап, тыңдаушыларға сертификат табыстады. Алғаш рет сәулеті ерекше ғимаратта өткен мұндай тағылымды шара мені ерекше әсерге бөледі.

Елорда сапары және Елбасы кітапханасымен танысып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік берген Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік  университетінің ректоры  Ескендіров Мейір Ғариполлаұлына алғысымды білдіремін.

Оралбекова Бақытгүл Сейтмухамбетқызы

Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті,

«Мәңгілік Ел» кафедрасының меңгерушісі м.а.