18 қаң, 2018 сағат 09:42

Елбасы БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінде сөз сөйлейді

Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-та БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысына қатысады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Baq.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Елбасы БҰҰ ҚК-нің отырысында сөз сөйлейді. Бұл жиын «Жаппай қырып жою қаруын таратпау: сенім шаралары» деп аталады.

Естеріңізде болса, қаңтар айында Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалығы басталып кеткен болатын. Осы аралықта ресми Астана барлық бағытта жұмысты жандандырды.

Жалпы Қазақстанның басты қағидалары мен ұстанымдары Қауіпсіздік Кеңесімен үндесіп қана қоймай, жан жақты қолдау тапты. Атап айтар болсақ, Қазақстан жаппай қырып жою қаруын таратпауға бағытталған қадамдары әлемдік қауіпсіздікте айтарлықтай маңызға ие. Себебі Қазақстан – ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқан бірден бір мемлекет. Ендеше дүниежүзінің қауіпсіздігі алдында ядролық қауіпсіздікке еліміздің қосқан үлесі зор. Сол себепті де Нұрсұлтан Назарбаев әлем мінбесінен тағы да алапат қарудан бас тартып, бейбітшілікке үн қосуға шақыратын болады.

Бұл бастама «Әлем ХХІ ғасыр» манифесімен астасқан. Бүгінгі пікірталаста дүниені дірілдеткен қаруды таратпаудың негізгі мәселелері егжей-тегжейлі қаралады деп жоспарланған.

Сонымен қатар, біздің Елбасы өз ұсыныстарында тағы екі бағытқа басымдық береді. Ол - әлемдік шиеленісті доғару және сенім шараларын нығайту. Өзара сенім мен түсіністік болмаса, түйткілдің түйінін тарқату оңайға соқпайтыны белгілі.

18 қаңтарда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен БҰҰ ҚК мүшелерінің «Жаппай қырып-жою қаруын таратпау: сенімді нығайту шаралары» тақырыбында жоғары деңгейдегі тақырыптық пікірталастары өтеді.

19 қаңтарда «Қауіпсіздік пен дамудың өзара тәуелділік үлгісі ретінде Ауғанстан мен Орталық Азиядағы өңірлік әріптестікті құру» тақырыбында БҰҰ ҚК-нің министрлік пікірталасы өтеді. Орталық Азия мен Ауғанстан елдерінің Сыртқы істер министрлері, сондай-ақ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше елдері сыртқы саяси ведомстволарының басшылары қатысады деп күтілуде.

25 қаңтарда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің Тұрақты өкілдері деңгейінде «Таяу Шығыстағы жағдай, соның ішінде Палестина мәселесі» тақырыбында тоқсан сайынғы ашық пікірталастары өтеді.

Сонымен қатар дәстүрлі түрде қаңтар айында Қазақстан төрағалығының аясында Кеңесте Сирия, Либия, Конго Демократиялық Республикасы, Орталық Африка Республикасы, Дарфур, Батыс Африка және Сахель, Оңтүстік Судан, Мали, Сомали, Кипр және Колумбия елдеріндегі жағдай бойынша ашық және жабық пікірталастары өтеді. Төрағаның бірқатар қарарлары мен мәлімдемелерінің қабылдануы жоспарлануда.

2017-2018 жж. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі ретіндегі Қазақстанның басымдықтары Президент Н.Назарбаевтың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне арналған «Қауіпсіз, әділ және гүлденген әлем құру үшін жаһандық әріптестікті нығайтуға қазақстандық тұжырымдамалық көзқарас» атты саяси жолдауында көрсетілген.

Олар жетеу:
I) ядролық қарусыз әлемді жақындату;
II) жаһандық соғыс қатерін болдырмау және жергілікті жанжалдарды реттеу;
III) өңірлік қауіпсіздік пен ынтымақтастықты нығайтуда Орталық Азияның мүдделерін ілгерілету;
IV) терроризмге қарсы күрес;
V) Африкадағы бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелері;
VI) қауіпсіздік пен орнықты дамудың арасындағы ажырамас байланыстарды қамтамасыз ету;
VII) Қауіпсіздік Кеңесі мен бүкіл БҰҰ жүйесін XXI ғасырдың қауіп-қатерлеріне бейімдеу.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде төрағалық ету жоғары халықаралық мәртебе болып табылады, себебі Қауіпсіздік Кеңесі мәжбүрлеу шараларына, экономикалық санкцияларға немесе ұжымдық әскери әрекеттерге қатысты шешімдер қабылдай алады. БҰҰ-ның Жарғысына сәйкес Қауіпсіздік Кеңесі бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін басты жауапкершілікті өзіне жүктейді және БҰҰ-ның барлық мүшелері оның шешімдеріне бағынуға міндетті.

Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан Президентінің биылғы 16-18 қаңтарда Америка Құрама Штаттарына ресми сапармен баратыны туралы хабарлаған болатынбыз. Онда Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ президенті Дональд Трамппен, сондай-ақ АҚШ-тың ресми және іскер топтар өкілдерімен кездесу өткізеді деп жоспарланды. Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа барған сәтінен видео жариялады. Елбасыны Дональд Трамптың өзі қарсы алып, мұны үлкен мәртебеге балады.

Ақ үйде өткен кездесуде Назарбаев Қазақстан мен АҚШ арасында әрдайым екіжақты саяси қарым-қатынас орнағанын айтып өтті. Бұдан кейін Мемлекет басшысы АҚШ-тың іскер топтар өкілдері, АҚШ-тың энергетика министрі және «Шетелдік жеке инвестициялар жөніндегі Корпорация» мемлекеттік агенттігінің президентімен кездесті. Сапар соңында Назарбаев Трамппен жүргізген келіссөздің қорытындысы бойынша БАҚ үшін брифинг өткізді.